156,5 млрд теңге медицинадағы күрделі жөндеуге жұмсалмақ
Мемлекет басшысы 2018 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген кеңесінде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Осыған орай, 3 жылдық кезеңге (2019-2021 жылдар) шығындардың қажетті көлемі 158,8 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде 156,5 млрд теңге материалдық техникалық жарақтандыруға және күрделі жөндеуге жұмсалмақ.
Ал 2,3 млрд теңге жылжымалы медициналық кешенге және денсаулық поездарының қызмет көрсетуіне жұмсалады екен.
«800 бірлік жедел жәрдем автомобильдерін және реанимобильдерді сатып алуға сомасы 24,5 млрд теңгені құрады, оның ішінде 293 бірлік реанимобиль және 507 автокөлік желілік бригадаларға жұмсалады» дейді Денсаулық сақтау вице-министрі А.Цой.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта қала және аудан орталықтары үшін өтімділігі жоғары жедел жәрдем машиналарының техникалық сипаттамалары әзірленіп жатыр.
Сондай-ақ, өңірлерді жылжымалы медициналық кешендермен жабдықтау үшін ауылдарда медициналық тексеру жүргізу үшін республиканың 4 өңірі (Атырау, Қостанай, Қызылорда және Түркістан облыстары) үшін жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге 18 жылжымалы медициналық кешен сатып алу жоспарланған.
«Одан бөлек облыстардың және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері аудандық ауруханалар мен МСАК объектілерін 3 жыл ішінде ең төменгі стандарттарға сәйкес медициналық техникамен толық жарақтандыруды қамтамасыз етуі қажет. Осы мақсаттарға қажеттілік барлығы 129,5 млрд теңгені құрамақ. Оның ішінде техникалық жарақтандыруға — 77,2 млрд теңге, ал күрделі жөндеуге – 52,3 млрд теңге.
Өңірлер бөлінісіндегі түпкілікті қажеттілік түгендеу қорытындылары бойынша айқындалатын болады» деді Денсаулық сақтау вице-министрі А.Цой.
Дереккөз: http://egemen.kz/