15 адамды алдаған Махаббат Абдуалиева 10 жылдан көп мерзімге сотталуы мүмкін. Informburo.kz зерттеуі
АҚШ-та 34 қазақстандықты алдап, жарты миллионға жуық қаржыны жымқырған Арман Беласаровқа қатысты informburo.kz тілшісінің журналистік зерттеуі жарияланғаннан кейін редакцияға алданған тағы екі азамат хабарласқан болатын. Бірақ, оларды Арман Беласаров емес, Махаббат Абдуалиева деген Қазақстан азаматы тақырға отырғызған.
Informburo.kz тілшісі бір ай көлемінде Махаббат Абдуалиева деген күдіктіге алданған 15 азаматты анықтады. Олардың үшеуі АҚШ-та, ал біреуі Қазақстанда арыз берген. Қалғандары АҚШ-тың тұрақты резиденті болмағандықтан арыз жазғысы келмеген.
Өте тартымды ұсыныс
2018 жылдың 5 мамырында Әзірбайжан азаматы Алена Facebook әлеуметтік желісінен бір бөлмелі пәтердің жалға берілетіні жайлы хабарландыруды оқиды. Алена пәтерді жалға беруші Жаннет Исмайыловаға (Jannet Ismailova) хабарласып, пәтерді көруге келеді. Махаббатқа өтірік жарнама берген үшін (False advertisement) деген айып тағылғанын ескерсек, Жаннет Исмайылова оның желідегі өтірік аккаунты болуы мүмкін. Әзірге тергеу амалдары жүріп жатыр.
– Бруклинде 1400 АҚШ долларына бір бөлмелі пәтер табу дерлік мүмкін емес. Пәтер маған ұнаған соң, бірден келістім. Сосын ол менен несие тарихымды да, Social Security (америкалықтар мен АҚШ резиденттерінің салық төлейтін картасы – ред.) картамды да сұраған жоқ. Тек маусымның басынан пәтерге көшіп келуге болатынын айтты. Мен өзіммен бірге итімнің де болатынын айтқанымда, ол қарсы болмады. Мен депозит ретінде $300 бердім. Ол маған ақша алғаны жайлы пошта арқылы қолхат жіберді, – дейді Алена informburo.kz тілшісіне.
Алена Нью-Йоркте әдетте иті барға пәтерді жалға бере бермейтінін айтады. Ал Махаббаттың ұсынған пәтері тым тартымды болып көрінгендіктен, Алена күдіктене бастаған. Сосын ол дәл сол хабарландыру бойынша өзінің досынан хабарласуды сұрайды. Махаббат Аленаның досына да жауап беріп, дәл сол мекенжай бойынша пәтерді көруге шақырады. Бірақ, сол үйде Махаббаттың екі пәтері бар болып шыққан.
Жәбірленушілердің бір пәтерге салыстырмалы бір уақытта депозит қалдырғанын дәлелдейтін электронды қолхаттар / Фото жәбірленушілердің редакцияға жіберген скриндері негізінде жасалды
– Екеуімізге екі түрлі пәтерді көрсеткеннен кейін күдігім сейіле түсті. Бірақ, сол сәтте белгісіз ерлі-зайыпты қасымызға келіп, пәтерді жалға алуға қатысты сұрай кетті, – дейді Алена.
Аз уақытта белгілі болғандай, Қазақстаннан келген ерлі-зайыпты да Алена көшіп келуі тиіс пәтерге депозит қалдырған екен. Олар да Махаббатқа қолхатпен $500 берген.
Алена Махаббатты сол жерде ұстап, 911-ге хабарласпақ болған. Махаббат полиция шақырмауды өтініп, ақшаларын тауып беруге уәде берген.
– Махаббат ақшаны қайтарамын десе де, полицияны шақырдым. Көмекке келген құқық қорғау қызметкері алаяқтың кетіп қалмауын қадағалады. Махаббатта ешқандай ақша болмай шықты. Сосын ол таныстарына хабарласып, маған $300, қазақстандық отбасыға $500 алдырды. Мен ақшамды алсам да, полицияға арыз беремін деп шештім. Себебі мен сияқты алданғандар көп болуы мүмкін, – дейді Алена informburo.kz тілшісіне.
Махаббат танысына хабарласып, Алена мен өзге жәбірленушілерге ақша табуға тырысып жатыр / Фотоны Алена есімді жәбірленуші жіберді
Осы оқиғадан кейін Аленаның қызы әлеуметтік желілер арқылы Махаббаттың алаяқтығы туралы жазып, тарата бастаған. Оны оқығандардың ішінен алданғандар шығып, хабарласады. Махаббатқа берген ақшаларын қалай қайтарып алуға болатынын сұраған.
– Жәбірленушілер біз ойлағаннан да көп болып шықты. Алданған 15 адамның кейбірі Махаббатқа сеніп көшеде қалып қойған. Сосын WhatsApp мессенджерінде топ құрып, күресті жалғастырдық, – дейді Алена.
Талап еткендер ақшасын алады
Балжан деген тағы бір қазақстандық (есімі кейіпкердің өтініші бойынша өзгертілді) Махаббатқа 2018 жылдың 30 сәуірінде пәтер жалдауға депозит ретінде $500 берген. Ол мамырдың 5-нен бастап Алена жалдаған пәтерде тұруы керек болған. Балжан Facebook желісінде Аленаның оқиғасын оқып, өз ақшасын қайтаруды ойлайды.
– Махаббат әлтүрлі сылтау айтып, кездеспеудің бар амалын жасады. Сосын 11 мамыр күні 3-ші Брайтонда кездесуге келістік. Мен оны сол жерде күйеуіммен бірге 6 сағат күттім, – дейді Балжан
Балжан түнгі 11-де көшеде ешкімнің болмағанын айтады. Бірақ славян текті бір азаматтың бізді бақылап, екі квартал төңіректі аралап жүргенін байқаған. Балжанның ойынша, Махаббаттың сыбайласы болуы мүмкін.
– Махаббат Брайтон бойында көрінгенде тағы бір жәбірленуші таныс қызға хабар бердім. Махаббат маған $300 беріп, қалғанын кейін қайтаратынын айтты. Сосын екінші жәбірленуші келіп, ақшасын талап еткенде оны шақырғаным үшін Махаббат маған ашуланды, – дейді Балжан.
Тағы бір жәбірленуші Bay Parkway 7714 мекенжайындағы 4A пәтеріне $500 депозит қалдырған / Фото жәбірленуші тарапынан жіберілді
Сол сәтте Махаббаттың Джахонгир есімді танысы көлігімен келіп, оны алып кетеді. Балжан танысы екеуі Махаббаттың көлікке мінуіне кедергі келтіруге тырысқанымен, ол ақшаны бермей кетіп қалады.
– Сосын біз полиция бөлімшесіне барып, арыз жазайық деп шештік. Бірақ, көп өтпей Махаббат маған хабарласып, түнде бопсаладыңдар деп қарсы бағытта арыз жазатынын ескертті. Оның жаласын дәлелдей алмайтынына сенімдімін. Себебі оқиға болған жерде камера болды. Осылай, біз түнгі 2-де арыз қалдырдық, – дейді Балжан.
Махаббат қарсы арыз бермей, бірнеше күннен кейін Балжан мен екінші жәбірленушіге ақшасын Western Union арқылы салып жібереді.
iPhoneX 14 айдан бері Қазақстанға келе жатыр
Атырау қаласының тұрғыны Мадина (есімі кейіпкердің өтінішімен өзгертілді) Махаббатпен Малайзияда оқып жүргенде танысқан.
– Махаббатпен менің жақын құрбым жақсы таныс болды. Олар Малайзияда уақытша бір пәтерде тұрған. Құрбым Махаббатқа ақша жіберіп, iPhoneX смартфонын сатып алуды ұсынды. Мен бірден келісіп, екі жаңа смартфонға ақша жібердік. Бұл 2017 жылдың қараша айы болатын, – дейді Мадина informburo.kz тілшісіне.
Мадинаның смартфоны содан бері Қазақстанға «келе жатыр». Махаббат оған әртүрлі сылтау айтып, тапсырыстың кешігіп жатқанын білдіруден шаршамаған.
– iPhone X бірде тауар жеткізетін компанияның кесірінен келмей қалады. Тағы бірде смартфон Махаббаттың әпкесінде немесе сіңлісінің Астанадағы үйінде қалып қояды. Тағы бір айдан кейін менің смартфоным Махаббаттың Алматыдағы құрбысының үйінде болып шығады, – дейді ол.
Мадина Алматы және Астанадағы таныстарына айттырып, смартфонды алып кетуге тырысқан. Бірақ, тағы бітпейтін сылтауларды айта беріпті. Мадинаның ойынша, Махаббат оның тапсырысын Қазақстанға жібермеген.
iPhoneX смартфонын сатып алуға ақша аударғаны туралы құжаты / Фото жәбірленуші тарапынан жіберілді
– Оның өтірігінен шаршап, ақшамды қайтаруды талап еттім. Сонда да сылтау айтудан жалықпады. Атырау қаласындағы Полиция басқармасына арыз түсіруден басқа амалым қалмады, – дейді Мадина.
Мадина Қазақстанның құқық қорғау органдары істі соңына жеткізбесе, АҚШ-қа арнайы барып, Махаббаттың өз жазасын алуына бар күшін салатынын айтады. Наурызда өтетін сотына қатысуды жоспарлап отыр. Бұл енді iPhoneX смартфонының емес, принциптің құнына айналған.
– Махаббат бір жылдан бері менің жүйкемді әбден тоздырды. Сол үшін жазасын алуы керек, – дейді Мадина.
Біріккен қылмыстық топтың мүшесі болуы мүмкін
Осы жылдың 24 қаңтарында Нью-Йорк қаласының Полиция департаменті пәтерді жалға беріп, алдын ала депозит алғаннан кейін хабарсыз кеткен екі күдіктіге іздеу салды. Оның бірі – Қазақстан азаматы Махаббат Абдуалиева болатын. Полиция қызметкерлері күдіктіні сол күні тұтқындап, оны танып айыруға жәбірленушілерді шақырды.
– Маған детектив хабарласып, оны танып айыруға келуімді сұрады. Полиция бөлімшесіне барғанымда екі дағыстандық, Қырғызстаннан келген отбасы мен Ресейдің бір азаматын көрдім. Күдіктілердің ішінен бәріміз Махаббатты бірден таныдық, – дейді Алена.
Полиция қызметкерлерінің NBC New York арнасына берген мәліметіне орай, Махаббат Абдуалиева Нью-Йорктің Бруклин округінде 4 түрлі мекенжай бойынша пәтер іздеген азаматтардан депозит алғаны белгілі болып отыр. Аленаның ойынша, Махаббат белгілі бір қылмыстық топтың мүшесі болуы мүмкін. Абдуалиева ісіне қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатқан детектив Аннанд Нараян да оның басқа алаяқтармен байланысын бар-жоқтығын зерттеп жатыр екен. Себебі Қазақстаннан аз уақыт бұрын келген адам сонша жылжымайтын мүліктің риэлторына айналуы мүмкін емес.
Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас Консулдығы берген мәліметке орай, Махаббат– Қазақстан Республикасының азаматы. АҚШ-қа туристік визамен 2016 жылдың 26 тамызында кеткен. Содан бері АҚШ-та жүр.
Айта кетсек, informburo.kz тілшісі Махаббат Абдуалиева ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары туралы мәлімет алуға Нью-Йорк қаласы Полиция департаментіне және істі жүргізіп жатқан детектив Аннанд Нараянға ресми сұраныс хат жіберді. Бірақ жауап әзірге келмеді.
Десе де, жәбірленушілердің құқын қорғайтын адвокатпен байланысқа шығу мүмкіндігі туды. Аркадий Бух есімді америкалық адвокат informburo.kz тілшісіне Махаббат Абдуалиеваның АҚШ-тың Қылмыстық кодексінің 22 бабы бойынша айып тағылғанын айтты.
– Махаббат Абдуалиеваның ісіне қатысты алғашқы тыңдалым наурыздың 13-і күніне жоспарланған. Әзірге үш азамат арыз берген. Бірақ, менің есебім бойынша тағы 6 адам жуырда арыз жазуы тиіс. Олар жазса, баптардың саны одан да көбейетіні анық. Сәйкесінше, өтеу мерзімі де ұзарады, – дейді Аркадий Бух.
Америкалық адвокаттың айтуынша, Махаббат Абдуалиева 22 бап бойынша айыпты деп табылса, 10 жылдан көп мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал арызданушылар саны көбейіп, олардың шығыны ұлғайса, Махаббат 20-25 жылға кетіп қалуы да мүмкін екен. Бұл осыған ұқсас істерде берілетін ең жоғарғы мерзім.
Махаббат Абдуалиеваға АҚШ-тың Қылмыстық кодексінің 22 бабы бойынша айып тағылған / Фото Аркадий Бух тарапынан жіберілді
Аркадий Бухтың берген мәліметіне орай, Фаррух Нуридинов Махаббат Абдуалиеваның қорғаушысы ретінде қызметке кіріскен. Оның ісін Майкл Явинский (Michael Yavinsky) есімді Нью-Йорк қаласы бойынша судья қарайды.
Аркадий Бух Махаббаттың шетел азаматы болғандығынан негізгі мерзімінен бөлек қосымша 1-2 жыл иммиграциялық түрмеде отыруы мүмкіндігін айтты. Адвокаттың мәлімдеуінше, Махаббат Абдуалиеваға төмендегідей негізгі айыптар тағылып отыр:
– Басқа адамның атымен өзін таныстырғаны үшін (Criminal impersonation);
– Ресми күші жоқ құжаттарды қолданғаны үшін ( Representation of Co/papers);
– 5 деңгейдегі ұрланған затты сақтағаны үшін (Criminal Possession of Stolen Property 5th);
– Өтірік жарнама бергені үшін (False advertisement).
Аркадий Бухтың Қазақстан қоғамына аты белгілі. Ол 2013 жылы АҚШ-тың Бостон қаласында болған терактыны ұйымдастырушы ағайынды Царнаевтарға көмектесті деген күдікпен ұсталған екі қазақстандықтың бірі Азамат Тажаяқовтың қорғаушысы болған. Айыпты деп табылса, Азаматтың 25 жылға дейін сотталуы мүмкін еді. Бірақ, кәсіби білікті Аркадий Бухтың арқасында мерзімді 3 жылға дейін төмендете алған.
Махаббат жәбірленушілердің арыз жазбауы үшін хаттарына үнемі жауап беріп отырған
Іnformburo.kz тілшісі журналистік зерттеу барысында жәбірленушілердің Махаббатпен арадағы жеке хаттарының скриндерін алды. Редакция 123 скриндегі хаттарды зерттеу арқылы Махаббаттың психологиялық портретін жасады.
Махаббат Абдуалиева хабарламалары арқылы ешкімді алдамайтынын, біреудің ақысын жемейтінін үнемі меңзеп отырады. Мысалы, ол Мадинаға смартфонды жеткізу барысында бір жыл бойы жіберіп отырған хабарламаларының арасында өзінің алаяқ емес екендігіне сендіру үшін әлеуметтік желілерді блокқа қоймай, хаттарға жауап беруімен отырған. Ол ақшаны қайтармаймын немесе iPhoneX смартфонын жібермеймін деп ешқашан айтпаған. Тек нақты қай күні қайтаратынын жазбайды.
Егер жәбірленушілер ашуға мініп, қойған талаптарын қатаң түрде жаза бастаса, Махаббат оларды бір-біріне қарсы қоюға тырысқан. Мысалы, Махаббаттың Мадина туралы ойларын асыра сілтеп жеткізгенін дәйектейтін хабарламалар өзге жәбірленушілерде бар.
Махаббаттың жазған хабарламаларынан үзінді / Фото жәбірленуші тарапынан жіберілді
Ол депозитті алғаннан кейін клиентпен кездеспеуге тырысып, барлық амалын жасайды. Ол үшін әртүрлі сылтау айтады. Мысалы, жәбірленушілер кездесейік деп талап қойып тұрып алған кезде жұмыстан шыға алмай жатқанын, басқа пәтерді басқа клиенттерге көрсетіп жатқанын немесе қаланың басқа ауданында жүргенін айтып құтылады. Тек бетінен қайтпағандар өз ақшасын қайтарып ала алған.
Ал бір-екі рет сұрап, кейін қолын сілтей салған жәбірленушілер депозиттерін қайтара алмаған. Олардың саны әлдеқайда көп.
Дереккөз: https://informburo.kz