1414 нөмірінен келген SMS-ті оқыған Шымкент тұрғыны есеңгіреп қалды

0

Шымкент қаласының тұрғыны өзін рұқсатсыз ағза доноры ретінде тіркеп қойғанын мәлімдеді. Ол аты-жөнін атамауды сұрады, деп хабарлады Otyrar.kz порталы.

23 шілде күні ер адамның ұялы телефонына 1414 байланыс орталығынан SMS-хабарлама келген. Онда ер адамның жіберген өтініші жергілікті әкімдіктің қарауына түскені жайында жазылған. Ол бірден eGov порталына кіріп, жеке кабинетін тексерген. Сөйте оның атынан өлгеннен кейін ағза доноры болуға келісім жіберілген. Алайда ер адамның өзі ешқандай өтініш жібермепті. Электронды цифрлық қолтаңбасын да ешкімге бермеген.

«Менің eGov порталындағы паролім де өте қиын ғой. Оны ешкімге берген жоқпын. Мұны денсаулық сақтау саласының мамандары жасап отыр деп ойлаймын. Не үшін істеп отырғандарын білмеймін. Дереу алып тастасын. Мен өлгеннен кейін ағзамды донорлыққа алуға рұқсат берген жоқпын», — дейді ол.

Ал Шымкент қаласының әкімдігі электронды цифрлық қолтаңбасыз келісім беру мүмкін емес екенін хабарлады.

«Ережеге сәйкес, электронды форматтағы мемлекеттік қызмет көрсету электронды цифрлық қолтаңбамен немесе SMS-хабарлама арқылы қолхатпен іске асырылады. Ондайда бөгде адамдар Сіздің электронды цифрлық қолтаңбаңыз болмаса, мемлекеттік қызметті ала алмайды», — деп түсіндірді әкімдік мамандары.

«Электронды үкімет» порталына жауапты ұлттық ақпараттық технологиялар орталығы ер адамды ЭЦҚ-мен донор ретінде тіркегенін растады. Техникалық ақаулық та, басқа бір қателік болған жоқ. Бірақ келісімді кез келген уақытта кері қайтаруға болады. Ол үшін eGov.kz порталында «Денсаулық сақтау» бөліміне кіру керек. Одан кейін «Келісімді тіркеу және кері қайтару» бөлімінде тиісті белгіні қою қажет.

Адвокат Евгений Яворскийдің айтуынша, ер адам құқық қорғау органдарына шағым түсіріп, оның атынан кімнің келісім жібергенін біле алады. Сонда жүйенің ақаулығы ма, мемлекеттік қызметшілердің заңсыз әрекеті ме, осының бәрін анықтауға болады.

«Қылмыстық кодекстің 147-бабы біздің жеке мәліметтерімізді қорғайды. Мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері де оны пайдалана алмайды. Бұл бапта бес бөлім бар. Ең ауыры – бесіншісі. Оған сәйкес, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», — дейді адвокат.

Сондай-ақ, заңгер электронды үкіметке ресми хат жіберуге кеңес берді. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке арыз түсіруге болады.