14 желтоқсан. Туған күн иелері

0

2018 жылғы 14 желтоқсан 08:10

АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін, яғни 14 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.


14 желтоқсан. Туған күн иелері
ЕСІМДЕР

48 жыл бұрын (1970) балуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның он бір дүркін чемпионы  Мәулен Сатымбайұлы МАМЫРОВ дүниеге келді. 
Алматы облысы Қаратал ауданында туған. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген. 1989 жылдан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі болды. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің (Австрия, 1988) қола, КСРО жастар ойындарының (Запорожье, 1989) күміс жүлдегері, КСРО Кубогінің (Тбилиси, 1990) жеңімпазы, КСРО чемпионы (Гомель, 1990), ТМД елдері чемпионатының (Мәскеу, 1992) қола жүлдегері, Азия ойындарының (Хиросима, Жапония, 1994) чемпионы, Азия Кубогі жарысының (Индонезия, 1995), Орта Азия ойындарының (Ташкент, 1995) жеңімпазы, 26-Олимпиада ойындарының (АҚШ, Атланта, 1996) қола, Әлем чемпионатының (Красноярск, РФ,1997) қола жүлдегері, Орта Азия ойындарының (Алматы, 1997), Шығыс Азия ойындарының (Пусан, Корея, 1997 және Осака, Жапония, 2001), Азия (Ташкент, 1999) чемпионы болып, бірнеше дүркін Халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған. 1991-2003 жылдары — Талдықорған қаласының олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы-жаттықтырушысы. 1997-2004 жылдары — Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Штаттық Ұлттық командалар дирекциясының спортшы-нұсқаушысы. 1996-2004 жылдары — еркін күрестен Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының капитаны. 2005-2007 жылдары Алматы облысы еркін және грек-рим күресі федерациясының вице-президенті қызметтерін атқарған. 
І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.


46 жыл бұрын (1972)
 ҚР Президент әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы  Еркін Сейілханұлы БАЗАРХАНОВ дүниеге келді.
Бұрынғы Талдықорған облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, «Тұран» университетін, «тарих және қоғамтану пәнінің оқытушысы», «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. 
Еңбек жолын 1994 жылы Алматы облысы Үштөбе қаласы «Самал» шағын кәсіпорнының директоры болып бастаған. Түрлі жылдары әртүрлі мемлекеттік қызметтерді атқарған. 2009-2013 жылдары Ақмола облысы Бурабай ауданы әкімінің орынбасары болған. 2013 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысы Темірязев ауданының әкімі болып жұмыс істеген.

  

37 жыл бұрын (1981) қазақтың белгілі комедия актері, шоумен, режиссёр, продюсер, сценарист Нұртас Абайұлы АДАМБАЕВ дүниеге келген.

Ол Жамбылда (қазіргі Тараз) туған. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген (2002).

Нұртас Адамбаев Көңілділер және тапқырлар клубында «Астана.kz» командасының құрамында жүріп танылды. Оның «Наша Казаша», «Побег из аула», «KZландия», «Келинка Сабина», «Тараз» сияқты комедиялық жобаларын қазақстандықтар жақсы біледі.

2012 жылы Нұртас Адамбаев Nurtas Production продюсерлік орталығын құрды. «Келинка Сабина» картинасы БҰҰ қолдауымен Индонезияда өткен International Film Festival for Documentary Short and Comedy Films халықаралық кинофестивалінде жеңімпаз болды.

300 мың АҚШ доллары мөлшерінде қаржы құйылған картина прокатта 600 мың доллар жинай алды. «Тараз» фильмі АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында Genre Celebration Film Festival фестивалінің «Үздік драмалық фильм», «Үздік операторлық жұмыс» аталымдары бойынша жеңімпаз болды. 2017 жылы «Тараз» кинокартинасы «Үздік жанрлық фильм», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік саундтрек» аталымдарында жеңімпаз атанды.

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz