14 жастағы ақтөбелік қыз ағаларының алты жыл бойы зорлап келгенін айтты: Ал полиция күдіктілерді босатып жіберген

0

Ақтөбеде 14 жастағы жасөспірімнің анасы қызын туыс ағалары зорлағанын айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жәбірленушінің анасының айтуынша, соңғы кездері қызының мінез-құлқы өзгеріп, тұйықталып қалған, депрессияға ұшыраған.

23 қыркүйекте жеке қалған кезде жеңгесі қызды құшақтап, не болғанын айтып беруін өтінген екен. Сол кезде 14 жастағы жасөспірім сырын ақтарды.

«26 жастағы және 20 жастағы туыс ағасы оны 8 жасынан бастап зорлаған. Ешкім күдіктенбеген. Сөйтсе гаражда немесе үйде ешкім болмаған кезде құйтырқы әрекеттерін іске асырған. Бұл жігіттер әйелдің көз алдында өскен, оларды 2 жастан және 8 жастан баққан. Қыз да жігіттердің көз алдында өсті. Сол үшін мұндай қорқыныш ойына да келмепті”, – деді құқық қорғаушы.

Осы оқиғадан кейін қыздың анасы полицияға арыз жазып, төрт баласымен сол үйден кетіп қалған.

«24 қыркүйекте полиция бұл күдіктілерді ұстағанымен, екі күннен кейін олар бостандыққа шықты», – дейді адвокат.

Әйел осы жағдайдан кейін жұмысын тоқтатты. Себебі қызын бақылап, мектепке апарып, алып кетеді.

«Бопсалау және зорлық-зомбылық әрекеттері туралы арыз тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сот олардың соттылығының жоқтығын, кәмелетке толмаған балаларының болуын ескере отырып, үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Тұрғылықты жері бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды», – деп түсіндірді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қылмыстық істі тергеудің барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.