14 сәуірге арналған ауа райы болжамы

0

«Қазгидромет» РМК алдағы үш күндегі ауа райына болжам жасап, бірқатар облыста дабылды ескерту жариялады

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. 14 сәуірде кей облыстарда қар және жаңбыр жауады, елдің солтүстігінде Есіл өзені арнасынан тасуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Дабылды ескерту

14 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысында және Петропавл қаласында түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар), күндіз жаңбыр күтіледі. Кей жерлерде тұман түсуі мүмкін, найзағай жарқылдайды. Оңтүстік-батыстан жылдамдығы 15-20 м/с жел соғады.

Қостанай облысының кей жерлерін тұман басады, жел тұрады. Қостанай қаласында оңтүстік-батыстан екпіні 15-20 м/с жел күшейеді.

Ақтөбе облысының солтүстігінде түнде қар және жаңбыр жауады. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел (15-20 м/с) соғады.

Ақтобе қаласында да түнде жауын-шашын (қар, жаңбыр), оңтүстік-батыстан, батыстан соғатын желдің екпіні 18 м/с дейін барады.

Тағы оқыңыз: «Бұдан Құдай сақтасын»: Қызылорда облысының жаңа әкімі Маминнен көмек сұрады

Түркістан облысының кей жерлерінде қатты жаңбыр жауады, тауда жабысқақ қарға айналады. Кей жерлерде тұман, солтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с болады деп болжануда.

Бұдан бөлек, гидрологиялық болжам бойынша Петропавл қаласында Есіл өзені арнасынан тасуы мүмкін. 13 сәуір таңғы 08:00-дегі жағдай бойынша су деңгейі қауіпті шекке жақындап қалды –  827 см.

Ал қауіпті шек: 940 см.

Қар көшкіні

«13-16 сәуір аралығында жылымықтың әсерінен, қар жамылғысының тұрақсыз болуына және жауын-шашын күтілуіне байланысты Кіші және Үлкен Алматы өзендері су алабында қар көшкіні қаупі сақталады», — делінген хабарламада.

Осыған байланысты синоптиктер тауда абай болуға кеңес берді.

Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады

Қазгидромет 14-16 сәуір аралығындағы ауа райына болжам жасады.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда дауылды жел 160 ғимараттың шатырын ұшырып әкетті

«Қазақстан аумағына біртіндеп Қара теңіз жақтан антициклон ығысады. Осыған байланысты ауа райы, негізінен, жауын-шашынсыз болады деп күтіледі. Түнде ауа температурасы кейбір облыстарда нөлден төмен түссе, күндіз +15…+26°С дейін көтерілуі мүмкін», — дейді синоптиктер.

Республиканың кей жерлерінде тұман түсіп, жел күшейеді.



sputniknews.kz