13 жасында жұмысқа кіргізем деп алдап, жезөкшелікке салған — Қазақстан жаңалықтары

0

Биылдан бастап адам саудасына қатысты жаза қатаңдалды. Осыған дейін бұл қылмыс үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айырса, қазір төменгі мерзім 4 жыл. Ал ең ұзақ жаза мерзімі — бұрынғыдай 15 жыл, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

мамура

Тәуелсіз сарапшылардың сөзіне сенсек, өзге елді қайдам, біздің елде 75 мың адам құлдық қамытын киген, қазір олар әр жақта. Бірі еркінен тыс жұмысқа жегілсе, келесісі қайыр тілеуге мәжбүр, ал кейбірі жезөкшелік жолға күштеп салынған. 21 ғасырда құлдық дегенді есту, әрине сұмдық, заман озған сайын, азаюдың орнына көбейіп барады. Жазаланып жатқаны елуде біреуі. 

«Артымнан жүгіріп келе жатыр, күректі көтеріп, бес-алты рет қолымнан ұрды, қолымның сүйегі шығып кетті», — дейді жәбірленуші.

Қолым-қолым, қашан болады жолым. Егіліп отырған елуге келген ер. Рахманға қожайыны рақымшылық етпеді. Егінге де салды, құрылысқа да жекті, тамақты да жасатты. Өтеуі сол, ақша емес, аларған көз, сүйектен өтер сөз. 14 жыл бұрын өз елі Өзбекстаннан қоныс аударып еді. 

«Сынық қолыммен алып, далаға апарып, бір қолмен кірпіш лақтыртты, шатырды боятты, моншаның пешін жақтыртты. Екі жұмадан кейін қайда барсаң бара бер деді.  Бірақ менен бір тиын ақша ала алмайсың, деді», — деп мұңын шақты Рахман. 

Түсінгеніміз бұға берген Рахманға, қожайыны сұға берген. Миллион теңгеге жуық жұмысының ақысын жеп, хақысы болмаса да қоқан-лоқы көрсеткен өзге емес, өзінің өзбегі.

«3 жатақханасы бар, 50-60 пәтері бар, 2 моншасы бар, жеке бизнесі бар, автокөлік жуатын жер, авто дөңгелек жөндейтін жері бар, 2 дүкені бар. Қазақтардан бір қысым көрген жоқпын, олар маған жамандық жасаған жоқ. Бәрін өзбектің жігіті істеді», — дейді ол.

Ал, отызға да толмаған Мамураның көрмегені қалмаған. Ащы суға әуес әке, көкек ана бола алмады оған пана. Көз ашқалы көргені қиянат қана, бақытсыз бала шақ, болашағына да балта шапты. 

«Әкем көп арақ ішті, ұрып соқты, аязда далаға отырғызып қойған. Анам қасымда болса, бұндай жағдай болмас еді», -деп өкінеді Мамура.

13 жасында өзін туысыңмын деп таныстырған әпкесі Қазақстанда жұмыс бар деп, алдап, тірідей жетім қызды жезөкшелікке жеккен. 12-де бір гүлі ашылмаған өзге елдің аруы сөйтіп қылмыс әлемінің  қаруына айналған. Күніне кемінде 5-6 жігіттің қойнына итеріп, жеңгетай иттік жасады. Қарсылық көрсеткендерді аяусыз соғып, қашқындарды қайта ұстап, қолдан қолға сата берген. 

«Біз жұмыс істемейміз деп айттық, аяқтарына жалынып, өтініш еттік, бізді ұрып-соғып, жіберген жоқ. Аяқ-қолымызды байлап, аузымызға шұлықтарын тығып, көз жасымызға қарамады. Өте қиын болды», — дейді Мамура Ахмадалиева.

Қиналып жүрген жалғыз Мамура, я Рахман емес. Құлдық қамытын кигендер Қазақстанда өте көп. Миграция мәселелерін реттейтін халықаралық ұйым сұмдық статистика келтіріп отыр. 

2018 жылы елімізде 75 мың азамат адам саудасының құрбаны болыпты, бұл әрбір 1000 адамның төртеуі құлдықта жүр деген сөз. Жиһанның 167 мемлекетінің арасында 83 орынға жәйсіз жайғасыппыз. Ескерген жөн, халықаралық ұйымның бұл есебі ресми ақпар, ал көлеңкеде жүрген құрбан саны қисапсыз, олай деуімізге негіз бар. 

«Орталығымызға орта есеппен жылына 40 адам келеді. 2016 жылы көмек сұрағандар саны күрт артып, 70 жетті. Ол жылы елордада құрылыс жұмыстары көп жүрді, соған байланысты шығар», — дейді орталық жетекшісі Анна Рыль. 

Аннаның айтуынша, қанша көмектескісі келсе де қолы қысқа. Қылмыстық Кодекстің адамға қатысты тұсы шикілеу. 

«Адам еңбегін заңсыз пайдаланғанын дәлелдеу өтен қиын, себебі қожайыны оны қорқытады, ақшаңды әне беремін, міне беремін деп алдап соғады немесе ұрады. Қашайын десе, алысқа ұзап кете алмайтынын біледі. Ал полицейге арызданайын десе, ауылдың ішінде емін-еркін жүре алдың ба десе, ол иә дейді, демек сені ешкім күштеп отырған жоқ дейді, сонда жіпсіз байланып отыр деген сөз. 

Қожайынына алданып бір соққы жейді, заңнан қолдау таппай тағы опық жейді. Ал психологтар ең сорақысы құлдықтан кейінгі өмірі дейді. 

«Ұзақ мерзімде сол қорқыныштан, тәуелділік сезімінен арыла алмайды, өйткені сол кездегі эмоционалдық соққылар бойына белең алады да, оны біраз уақыт тіпті өмірінің соңына дейін алып жүреді», — дейді психолог Жаңагүл Тұрманова.

Өмірінің соңғы нүктесін қоюға өздері жаратқаннан бұрын асығады. Іштегі мұң, жылаумен өткен күн мен түн, маза бермейді оған тым, өзіне қол жұмсайды көп күң. Қоғам керең болған соң, терең сөздерін хат қылып, қалдырып кете барады бұл өмірді.  

 

 

stan.kz