117 мың қазақстандық иттің шабуылынан зардап шекті — Ел жаңалықтары
Мәжіліс депутаты премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтан иттердің шабуылынан адамдарды қорғау үшін шара қолдануды сұрады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Бірнеше питбультерьер балаға шабуыл жасап, талап өлтірді. Бұл кездейсоқ жағдай емес. Соңғы үш жылда елімізде иттердің шабуылынан 177 мың адам зардап шеккен. Ал соңғы алты айда 29 878 адам иттердің шабуылынан зардап шегіп, медициналық мекеменің көмегіне жүгінген. Елімізде күн сайын иттердің шабуылынан 160 адам зардап шегеді екен. Бұл тек ресми тіркелген жағдайлар. Атқарушы органдар осы мәселені шешу үшін қашан нақты шешімдер жасайды?», — деді депутат Әбдіманап Бектұрғанов.
Оның айтуынша, қала мен ауылдың көшелерінде қаңғыбас иттер қаптаған. Олар бірнеше болып жүреді, ал ең қауіптісі олардан инфекциялық аурулар жұғуы мүмкін екен.
«Бір топ иттің жүруіне байланысты балалар сабаққа бара алмаған кездер болған. Үйінде ит ұстайтын адамдар төбетті серуендету ережесін сақтамайды. Ешкім де бақыламайды. Керек болмай қалған кезде сыртқа қуып жібереді. Олардың иесі жауапқа тартылмайды», — дейді депутат.
Оның айтуынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде үй жануарын көшеге жібергені үшін 25 мың еуро айыппұл салынады екен, ал кей жағдайда осы қылмыс үшін бір жылға бас бостандығынан айырыады.
«Бүгінде ит пен мысықтарға баспана салу мәселесі әзірше шешілген жоқ. Елімізде тек еріктілердің салған баспаналары бар. Жергілікті мәслихат бекітетін ит пен мысықтың серуендеу орындары әр жерде әрқалай. Адамдардың қауіпсіздігі үшін қажетті мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді сұраймын», — деді депутат премьер-министрге.