111 миллиардқа жуық қаржы жұмсалған «ЭКСПО-2017» көрмесінің тағдыры не болмақ — Қазақстан жаңалықтары

0

«Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне арнайы салынған нысандар қайта пайдалануға әлі толық берілмей жатыр. Ал миллиондаған шетелдік ағылған дүниежүзілік шараға 111 миллиардқа жуық қаржы жұмсалған еді. Бұл туралы сол уақытта қаржы министрі болған Бақыт Сұлтанов айтқан болатын. Оның сөзінше, жобаға сәйкес жарнаманың өзіне ғана 77 миллиард қаржы қарастырылған болатын. Алайда шығын экс-министр атаған сомадан да асып түсуі ғажап емес. 

111 миллиардқа жуық қаржы жұмсалған "ЭКСПО-2017" көрмесінің тағдыры не болмақ

Владимир Баринов сияқты жас кәсіпкерлер қазір Астана-Хаб ғимаратында өз ісін дөңгелетіп отыр. Стартапердің сөзінше, олар нысанға ешқандай жалдау ақысын төлемейді екен, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Біз медицина және білім беру саласына қатысты түрлі бағдарламалар жасап шығардық. Осы өнімдерді шетелдіктерге таныстырып, тұтынушыларымызбен етене жұмыс жасаудамыз. Әрі осы жерге келген жас мамандарға ІТ-технологиялардың қыр-сырын үйретеміз», — дейді жас кәсіпкер Владимир Баринов.

Осы стартап инкубаторлар 1,5 жыл ішінде 670 миллион теңге инвестиция тартыпты. Алайда, ол ЭКСПО көрмесіне жұмсалған миллиарттаған шығындарды жаппасы анық. Сондықтан, «әлі де айти саласын меңгерген жастар аса қажет» дейді ХАБ өкілдері. 

«Астана-Хабта қазір 3 акселерация бағдарламасы өтіп шықты. Қазір төртіншісіне өтініштер қабылдап жатырмыз. Жалпы 2018 жылдың қорытындысы бойынша 150-ден астам жоба инкубация және акселерация бағдарламаларынан өтті. Яғни, бізден арнайы оқыту бағдарламасынан өтті», — дейді Астана ХАБ PR-менеджері Айгүл Шерниязова.

Ал Ұлттық компания өкілі кеткен шығынды қайтару үшін барлық шаралар ұйымдастырылып жатқанын айтады. Яғни павильондардың жартысы толық жөндеуден өткен. Алайда, оған қанша қаржы жұмсалғанын айта алмады. 

«ЭКСПО бизнес орталықты қайта жөндеуге қанша шығын кеткенін нақты айта алмаймын. Бұл жерде қанша компанияның орналасатынын да дөп басып айту қиын. Десек те ғимарат ішінде 2 жарым мың адамға арналған жұмыс орны бар», — дейді «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ комерциялау департаментінің директоры Дәулет Еркінбаев.

Сұраққа жауап бере алмай сасқан компания өкілі Конгрес орталығының қызметі қарқынды екенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, биыл аталған нысанда 50 ірі форум өтіп, 180 тәулік бойы ғимарат босамапты. 112 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысқан ЭКСПО көрмесіне арнайы салынған нысандар қазір бос тұрған жоқ дейді мамандар. Мәселен, кей ғимараттар жаңа жобалармен толықтырылып жатыр. 

Ал халықаралық павильонда осы жылы IТ- университет ашылады. Олардың сөзінше, бұл университетте 1000 студент білім алмақ. Мамандар осылай дегенмен, әлі нақты ақпарат берілмеді. Аталған жоғары оқу орнында білім алу тегін беріле ме жоқ па ол жағы әзірге беймәлім. Алайда, айти мамандарына арналған оқу орнына шетелден инвесторлар тартылып жатқан көрінеді. 

«Халықаралық С1 павильонын біз ІТ кешенге айналдыруды көздеп отырмыз. Ол бойынша жұмыстар басталып кетті. Осы базада ірі білім мекемесі құрылады. Қазір осы мақсатта халықаралық көшбастаушы университеттермен серіктестік негізінде инвестиция тартып жатырмыз. Аталған бағытта білім алатын жастарды оқыту бағдарламасын толық айта алмаймыз», — дейді Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ АҚ жаңа технологиялар және IT департаментінің бас менеджері Замир Ыбраев.

Қайта жөндеуден өтіп, кеңсеге айналған павильондарға қызығушылық танытқандар көп болғанмен, әлі нақты келісімшарттар жасалмапты. Сондықтан, өз-өзін ақтамақ түгілі, бюджетке бұл жақтан кіріс кіреді деу ертерек сияқты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz