110 жылдық «Қазақ» газетінің жалғасы Тәуелсіздік алдында шыққанын білеміз бе?

0

Биыл Алаш зиялылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы шығарған «Қазақ» газетіне – 110 жыл. Аталған басылым 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап, 1918 жылдары аралығында Орынбор қаласында жарияланып тұрды. ХX ғасырдың басында қазақ халқы үшін зор құбылысқа айналған газет 5 жылда тұтастай жалпы ұлттың ықыласына ие болды. Ал Тәуелсіздік қарсаңында осы газеттің жалғасы шыққанын білеміз бе?

1913 жылдан кейін тура 77 жыл өткен соң, 1990 жылы Алаш қайраткерлерінің ізін жалғастыруды мақсат тұтқан, ұлтына жаны ашитын қазақ жастары “Қазақ” газетінің атауымен қайта шығарғанын бірі білсе, бірі білмейді.  Дегенмен, газеттің үш нөмірі жарыққа шығып, кенеттеп тоқтап қалған. Неліктен? Не себеп болды? Бұл жайында 1990-1991 жылдары шыққан “Қазақ” газетінің атқарушы редакторы болған Серік Қасенғазыұлынан “Адырна” тілшісі сұрап білді.

«ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫН САЯСИ КҮРЕСКЕ БІРІКТІРУ МАҚСАТЫН КӨЗДЕДІ»

– Тоқсаныншы жылдары “Қазақ” газетінің бірнеше нөмірі шығарылған екен. Сіз – сол кезде басылымның жарыққа шығуының тікелей басы қасында жүріпсіз. Не себепті “Қазақ” газетін қайта жаңғыртуға бел байладыңыздар?

– 1989 жылы 1986-ның ызғары басылыңқырап, есесіне Горбачевтің “Қайта құру, Жариялылық” бағдарынан үміт күткен, әсіресе Қазақстанда Желтоқсан көтерілісіндегі Азаттық рухынан нәр алған жастар қозғалысы жандана түсті. Соның заңды нәтижесі ретінде 1990 жылғы сәуірдің жетісі Алматыда 200-ге жуық, негізінен  Қазақ Ұлттық университетінің (ҚазҰУ), басқа да жоғары оқу орындарының студенттері мен бірқатар жұмысшы жастар қатысқан Құрылтай өтіп, нәтижесінде жастардың “Азамат Ордасы” деп аталатын саяси ұйымы дүниеге келді.

Осы жастардың “Азамат Ордасы” саяси ұйымының құрылтайы өткен соң, “Қазақ” газетінің №1 саны 1990 жылғы көктемде дүниеге келді. Анықтап айтсақ, 1990 жылғы “Қазақ” газеті “Азамат Ордасы” саяси ұйымының ресми басылымы ретінде жарыққа шықты. Газеттің бірінші бетінде “Ресми хабар” деген атаумен мынадай сөздер жазылды: “Азамат Ордасы” саяси ұйымы Қазақ жерінің толық егемендігі үшін Қазақ жастарын саяси күреске біріктіру мақсатын көздейді. Ол үшін осындай мақсаттағы басқа да саяси қозғалыстар, партиялармен бірге тәуелсіз күш ретінде саяси сахнаға шықты”. Біз 1990-1991 жылдары “Қазақ” атты газетті 1913 жылы дүниеге келген “Қазақ” газетінің жалғасы ретінде саналы түрде жарыққа шығардық.

Жоғарыда аталған факторларды ескерсек, біз 1990 жылы “Азамат Ордасы” Саяси ұйымын құруға және Алашорда қайраткерлері алғаш дүниеге әкелген “Қазақ” газетін жалғастыруға рухани тұрғыдан да, саяси көзқарас тұрғысынан да дайын болдық. Біз студент кезімізден-ақ Әлихан, Ахаң мен Жақаң, Жүсіпбек, Мұстафа Шоқай, Мағжандардың кім екенін зерделеп қана қойған жоқпыз, Алашорда феномені біздің кумирімізге айналды. Сондықтан “Қазақ” газетін қайта шығаруды қолға алдық.

«БАСЫНДА «ҚАЗАҚ» АТАУЫН БЕРУГЕ ЖҮРЕКСІНДІМ»

– Алаш қайраткерлері шығарған газет пен сіздер шығарып отырған “Қазақ” газетінің арасында қандай байланыс бар?

– Ахмет Байтұрсынұлы бас редактор болған “Қазақ” газеті мен біз шығарған “Қазақ” газетінің арасында, әрине рухани байланыс болды.  1990 жылғы сәуірдің жетісі күні болған Құрылтайдан кейін “Азамат Ордасының” Орталық кеңесінің мүшесі ретінде және ҚазҰУ-дың  филология факультетінде оқып жүргендіктен газеттің негізгі жұмысы маған жүктелді. Мен үшін Алаш қайраткерлері қасиетті тұлғаларға айналған болатын. Сондықтан, алғашқыда қатты қобалжыдым. Тіпті газетті “Азамат” немесе “Еркіндік” деп атайық деп жүрексінгенім де рас. Алайда, ол кезде Ғабиден Құлахметов шығаратын “Азамат” деген газет бар еді, оның үстіне, газет “Қазақ” деп аталады деп “Азамат Ордасының” төрағасы Ебейсін Серекұлы нақты шешімін айтты. Дегенмен, Алашорда қайраткерлері шығарған “Қазақ” газетінің жауапкершілігі ауыр. Мұрағатқа барып, аса бір толқыныспен  сарғайған “Қазақ” газеттерінің беттерін қолыммен сипалап отырған сәтім есімде. Араб һәрпімен жазылған сөздерді оқи алмадым, содан араб бөлімінде оқитын Серікбай Қосан деген курстасыма қолқа салып, “Қазақ” газетінің түпнұсқадағы мазмұнымен таныса бастадым.

Соның әсерімен, 1990 жылғы “Қазақ” газетінің № 1 санының бас тақырыбын “Алаштың азаматына” деп атадым. Дәл осындай тақырыппен Алаш қайраткерлері 1916 жылы “Қазақ” газетінде үндеу жариялағаны тарихтан белгілі.

Сонымен қатар,  газеттің № 1 санының маңдайшасына Ахмет Байтұрсынұлының “Малың алдау талауда тұр, Жаның арбау қамауда тұр” деген, ал газеттің екінші және үшінші беттеріндегі мақалалардан кейін “Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік, Алды артын аңдамаған бетпен кірдік”, “Адасқанын Алаштың, Түзу жолға түсір, хақ”, “Аяғыңды тұсау қысты, Жақтарыңды құрсау қысты” деген сөздерін жаздым. Қысқасы, аталмыш газетке жарияланған әрбір мақалада Алаш қайраткерлері шығарған “Қазақ” газетінің рухы сезіліп тұруына күш салдым.

Бір айта кетерлігі, 1990-1991 жылдары біз шығарған “Қазақ” газетінің үш нөмірінде де бас редактор деген сөз жоқ, себебі “Қазақ” газетінің бас редакторы жалғыз адам — Ахмет Байтұрсынұлы деп шешім қабылдадым. Бұл “Қазақ” газетіне деген ерекше құрметіміздің көрінісі деп білемін.

«ГАЗЕТТІҢ АЛҒАШҚЫ САНЫН ЖАСЫРЫН ШЫҒАРУҒА ТУРА КЕЛДІ»

– Газетті шығаруда қандай да бір қиындықтар туындады ма?

– 1990 жылғы көктем, жаз айларында Кеңес үкіметі әлі күшінде болды. Жұртшылық ашық позициясын білдіруге әлі де болса жасқанатын. Мәселен, 1990 жылы “Қазақ” газетінің № 1 санының мазмұнымен танысқан бойда ресми баспаханалар басып шығарудан бас тартты. Сондықтан, № 1 санын ротопринт тәсілімен жасырын түрде шығаруымызға туралы келді.

– Газет қайда таратылып отырды?

– Газет Алматыда таратылды, тиражы аз болды, 500-1000 дана шамасы. Газеттің бірінші нөмірі брошюра сияқты, екі-ақ парақ болып шықты. Дегенмен, мазмұнды болуына күш салдық.

– Қандай тақырыптар қозғалды?

– Алаш зиялыларының жолын жалғаған газетте біз өзекті тақырыптарды қозғап тұрдыҚ. Сол кезде өткен оқиғаларды, саяси қозғалыстарды, ащы шындықты жаздық. Мәселен,  “Алаштың азаматына” деген бас мақалада мынадай батыл пікірлер жазылды: “Біздің бүгінгі сталинизмді, бюрократизмді сынадық деп жүргеніміз жыланның құйрығын кескендей ғана. Жыланның үш кессе де кесірткелік күші бар. Бүгінгі “жаңарған социализм, жаңарған партия” дегеніміз сондай көз алдау”.

Яғни, бас мақалада “Кеңес Одағы” деген ұғым қазаққа жат, сондықтан “Кеңес одағы күйреуі керек” деген ой айтылды. Оның үстіне аталмыш нөмірдің екінші бетінде: “Қазақты зар қақсатқан Октябрь” деген Ебейсін Серекеұлының көлемді мақаласы жарияланды. Газеттің үшінші беттерінде “Түбі бір түрік едік” деген Серік Орынбайұлы деген жігіттің мақаласы мен “Ұлтшылдық пен шовинизм туралы ойлар” деген ҚазҰУ-дың аспиранты Серік Бейсенбайұлы деген азаматтың мақаласы жарияланды.

Жоғарыда аталған тақырыптар көп жайттан хабар береді деп ойлаймын. Ал Еркін Нұрханұлы деген жігіт “Егемендік елдіктің белгісі” деген мақаласында егемен елдің өз туы, елтаңбасы, валютасы т.б. нышандары болуы керегін жазды. Ал мұндай мазмұндағы мақалалардың “Қазақ” газетіне жазылған уақыты 1990 жылдың көктем-жаз айлары болатын. Яғни, “Қазақстанда Егемендік үшін ешкім күреспеді, оған Тәуелсіздік 1991 жылдың желтоқсанында ғана тосыннан пайда болды” деген пікірлердің негізсіз екенін біз шығарған “Қазақ” газеті дәлелдейді.

– Сіз ол кезде қанша жаста едіңіз?

– Мен 1990 жылғы сәуірдің жетісінде Құрылтай өткен кезде бар болғаны 20 жаста едім және жастардың “Азамат Ордасы” Саяси ұйымының ең жас мүшесінің бірі болып тіркелдім. Соған қарамастан, бұл уақытта менің де азаматтық көзқарасым қалыптасып үлгерді десем шындықтан алшақтай қоймаспын. 1986 жылы Алматыдағы № 86 орта мектепте сапалы білім алып тәмәмдадым. Оның үстіне мектеп оқушысы кезімнің өзінде Алматыда Рахманқұл Бердібаев ұйымдастырған Халық университетінің дәрістеріне де қатысып жүрдім. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне белсене қаьыспасам да, сол күндердің бірінде алаңда болғаным рас. 1987 жылы Совет Армиясы қатарына ҚазҰУ-дың филология факультетінің 1-курсын тәмамдаған соң аттандым. 1989 жылы әскерден келгенде маған алғашқыда Қазақстанда халықтың саяси белсенділігі төмен сияқты көрінді. Ал мен әскери қызмет өткерген Ленинград (Санкт-Петербург) өңірінде 1989 жылдары Демократия, Қайта құру, Жариялылық ұрандарын ту еткен жергілікті халықтың саяси белсенділігі жоғары болатын. Содан әскерден келген соң бар жігеріммен ұйымға мүше болып, газеттің шығуына күшімді салдым.

«ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫ ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ДЕП ТАНУЫ – ГАЗЕТТІ ТОҚТАТУДЫҢ БАСТЫ СЕБЕБІ»

– Газеттің тоқтап қалуына не себеп болды?

– Бірден айта кетейін, газетті тоқтату керек деп ресми түрде шешім қабылдаған жоқпыз. Дегенмен, газеттің тоқтап қалуының бірнеше себебі бар. Қаржының жетіспеуі, үкіметтің қысым көрсетіп, миллиондап айыппұл салу ықтималдығы, менің екінші курс студенті болып, сабаққа алаңдауым және бар болғаны жиырма жастағы өмір тәжірибесі аз жас болуым. Дегенмен, бұл негізгі себеп деп есептемеймін. Негізгісі, 1991 жылғы желтоқсанның он алтысы күні халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанды Тәуелсіз ел деп тануы газетті тоқтатудың басты себебі болған секілді. Өйткені, біз шығарған “Қазақ” газетіндегі мақалалардың басты лейтмотиві Қазақ елінің Тәуелсіздігі үшін күресуді насихаттау болатын.

Шынында да, газет Кеңестік билікке жақпайтын өткір мәселелерді қозғады.  Мәселен, газеттің № 2 санында 1990 жылғы желтоқсанның оны өткен Республикалық Құрылтай материалдары, Қазақстан жастарының “Азамат” ұйымының бағдарламасы және 1990 жылғы 22-26 қазандағы ереуіл, сол алаңда комсомол билеттерінен арылу акциясы жөнінде де  жазылды.

“Азамат” ұйымының бұл әрекеттері сол кезде Советтік Социалистік қалпынан айрылғысы келмеген ресми билікке ұнамаған сыңайлы. Мәселен, сол жылдары “Социалистік (Егеменді) Қазақстан” газетінде жастардың мұнысы дұрыс емес, Қазақстанға егемендік алуға әлі ерте деген сарындағы Ү. Уайдиннің теріс пікір білдірген мақаласы шықты. Жалпы ол кезде көптеген газет-журналдар Совет өкіметін ашық сынамайтын. Батыл пікір айтып, Совет өкіметін сынаған саналы басылымның бірі біз шығарған “Қазақ” газеті болды.

Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін жазғыштардың көбі аяқ астынан “батыр” боп шыға келіп, тіпті “Социалистік (Егеменді) Қазақстан” газеті “Қазақ” газетінің жалғасы болды деп соғып жіберген, адам ұялатын “батыл” пікірлер де айтылып жүр бүгіндері.

Жалпы, өзім жауапты хатшы-редактор қызметін атқарған 1990-1991 жылдары жарыққа шыққан “Қазақ” газетінің үш нөмірінде де негізінен Қазақ елінің шынайы Тәуелсіздігі үшін күресуге үндейтін қоғамдық-саяси мақалалар жазылды, әрі бұл Алаш қайраткерлері шығарған “Қазақ” газетімен рухани сабақтастықта болуына күш салдық. Біз шығарған газет материалдары ұсақ тақырыптан ада болды. Мақсатымыз тағылымы мол, өткір, ұлт мүддесіне ғана қызмет ететін мазмұнды мақалалар жазып, Алаш қайраткерлерінің әруағын қастерлей отырып, болашақ ұрпақ алдында ұялмайтын іс атқару болды.

– Сол кезде газетке сізден бөлек, кімдер жазып тұрды?

– Серік Орынбайұлы деген суретші жігіт “Қазақ” газетінің дизайнын толық өзі жасады. Ебейсін Серекеұлы, Еркін Нұрханұлы, Ағысбек Төлегентегі, Серік Бейсенбайұлы, Серікбай Қосан, Асқар Тұрғанбай деген азаматтар мақалалардың негізгі авторлары болды. Мен жауапты хатшы-редактор міндетін атқарғандықтан көп материалдарды өзім жазуыма тура келді.

Сонымен бірге, тағы бір өз үлесімді қосқан ісімнің бірі — 1990-1991 жылдары “Қазақ” газетімен қатар біз “Молодежь Казахстана” деген орыс тіліндегі нұсқасын да шығардық. Бұл жөнінде сол кездің өзінде-ақ “Ленинская смена” газетінің журналисі менен сұхбат алып, комсомалға альтернативалық ұйым деген мазмұнда шағын мақала жарияланды. “Ленинская смена” газетінің архивінен табылып қалуы мүмкін. Ал қазақ тілінде “Адырна” ұлттық порталы тұңғыш болғалы тұр. Сіздерге бізді елеп-ескергендеріңізге алғыс айтамын!

 2023 жылы «Қазақ» газетіне –110 жыл толды. Қаншалықты аталып өтті, бұл басқа мәселе. Ал сіздер 77  жылдан кейін жалғастырдыңыздар, ал енді 33 жылдан кейін газетті қайта жаңғырту жоспарларыңызда бар ма?

– Шынында да, “Азамат” ұйымы ұйымдастырған 1990 жылғы 22-26 қазандағы ереуіл өтіп жатқан кезде “Егемендік туралы декларацияны” қабылдау тарихының қалтарыстары және сол күндері  Мұхтар Шахановты ауруханада “Азамат” ұйымы жігітерінің атыс қаруымен күзетуі, кезінде Олжас Сүлейменов тікелей эфир өткізіп жатқан жиналыстан “Азамат” ұйымының жігіттері демонстративті түрде шығып кетуі, “Азамат” ұйымының “Азат” қозғалысымен бірігуі, Арон Атабек бастаған “Алаш” партиясы мен “Азамат” ұйымының қарым-қатынасы сияқты елеулі оқиғалар жайында “Қазақ” газетінің аталмыш үш санында жариялап үлгермедік.

Жоғарыда аталған жайттар әлі де болса қоғамның қызығушылығын тудыруы да мүмкін.

Ең бастысы, Қазақ елінің шынайы Тәуелсіздіке жету тақырыбы әлі де болса өзекті деп ойлаймын, сондықтан бәрі де мүмкін.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы