100 млн теңге кірісті мемлекеттен жасырып қалу мүмкін емес – блогер

0

«Блогерлер салықтан жалтарып, кірісін азайтып көрсетіпті». Бүгін осы ақпарат желдей есіп тұр. Ол шуды бастап берген блогерлердің өзі. Ал интернет арқылы табыс табатын адамдардың қаржылық операциялары камералдық бақылауға алынатынын Қаржы министрлігі кейінгі екі жыл бойы ескертіп келген еді.

Блогер не дейді?

Блогер Әлішер Елікбаевтың жазбасынан кейін Мемлекеттік кірістер комитеті ресми ақпарат таратып, бұл камералдық бақылау 2022-2023 жылғы салық жылын ғана қамтитынын, органның назарына 20 мыңнан астам оқырманы бар желі қолданушылары іліккенін түсіндірді.

— Кез келген кірістен, оның ішінде, түрлі интернет ресурстағы онлайн жарнамадан (ақпарат өнімін ілгерілету немесе сату, түрлі оқыту курстарын сату, ұтыстар өткізу және т.б.) салық төлеу керектігіне назар аудару керек. Ондай міндеттемелер Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Салық кодексінде белгіленген, — деп жазылған комитет мәліметінде.
Мұндай хабарлама алған блогердің бірі – Өркен Кенжебек. Қоңырау шалып едік, әңгімені әзілден бастады.

— Көптен бері журналистер хабарласпай кетіп еді. Бүкіл сайттар жекемізге жазып, пікір сұрап жатыр. Бір жағынан жақсы болды. «Блогерлерге салық салып жатыр» десе бүкіл жұрт қуанады ғой. Ал мәселеге келсек, ондай хабарламаны мен де алдым. Не үшін ондай көлем шықты? Оны анықтау үшін біз қарсы хат жазуымыз керек, — дейді ол.
Өркен Кенжебек 2022 жылы мобильді аударымдарға қазіргідей бақылау болмағанын еске салады.

— Бізде де бухгалтер бар, бәрі дұрыс. Мемлекет қараған кезде кім көріністе жүр, соның бәрін қысатын сияқты ғой. Ол енді қалыпты дүние.

Маған 2022-2023 салық жылының камералдық бақылауы бойынша 100 млн теңге кірістен салық төленбегені туралы хабарлама келді. Бұл — 100 млн теңге айыппұл деген сөз емес. «Кірісіңіздің 100 млн теңгесін салық органдарынан жасырғансыз. Содан салық төлеу керек» деген әңгіме ғой. 2022 жыл деген — осыдан 3 жыл бұрынғы дүние. Ол Kaspi арқылы емін-еркін аударым жіберіп жүрген кездер еді. Ол кезде не болғанын еске түсіру керек. Әр аударым бойынша кәдімгідей отырып, дәлелдеуге болады. Оған уақыт керек. 20 наурызға дейін 1 ай уақыт бар. Оразада уақыт болады ғой. Баратын шығармыз, — дейді ол.
Блогер салық органдарының бұл әрекетіне түсіністікпен қарап отыр деуге де болады.

— Бірінші бухгалтерлер мәселенің мән-жайын анықтап, жазбаша жауап береді. Камералдық бақылау деген — адамның қатысынсыз, автоматты жүйе арқылы жүретін тексеру ғой. Үнсіз қалсаң, айыппұл жібереді. Жауап қатып, дәлелдесең, басқа төлем болады. Бірақ айыппұлсыз қоя бермейді-ау.

Блогер бола ма, әнші бола, асаба бола ма, бәріне бірдей талап. Ол дұрыс та. «Мемлекетке төлеуіміз керек салықтың бәрін төлеп отырдық» деп ойлап жүргенмін. Әр тиынды есептеп, анығына жетеміз. Маған сәл артық төлеткілері келіп отырған сияқты көрінеді, анықтаймыз.

Бұл — алғашқы хабарлама. Сондықтан Салық кодексінің нақты қай бабы, қанша пайыз салық екені туралы мәлімет алған жоқпыз. Оның бәрін салық органдарына кері байланысқа шығып, нақтылаймыз.

Жалпақ тілмен айтқанда картаға түскен бүкіл ақшаның сомасы мен төленген салықтың сомасын салыстырып есептей салған сияқты. Өйткені 100 млн теңге кірісті мемлекеттен жасыру деген мүмкін емес. Сондықтан бәрін есептеп көреміз, — дейді.
Қаржы министрлігіндегілер не дейді?

Ал Instagram-да 2,9 млн оқырманы бар Жанерке Елшін салық органдары мұндай мәселемен мазаламағанын айтты.

— Біз заңды түрде жұмыс істейміз. Салықтан қашпаймыз, ай сайын төлеп отырамыз, — деп қысқа қайырды журналист-блогер.
Бүгінгі ақпарат интернеттен ақша тауып жүрген кейбір инфлюенсерлерді алаңдатып тастаған сияқты.

Instagram-да 50 мыңнан астам оқырманы бар киім жарнамалаушы инфлюенсер салық органдарынан хабарлама алмағанын, алайда пікірін аты-жөнін атап көрсетпей, анонимді түрде беруімізді өтінді.

— Мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенмін. Салықпен байланысты мәселенің бәрін бухгалтерім реттейді. Сіздер жазғаннан кейін назарлары ауып жүрмесе, әзірге салық органдарынан ешқандай хабарлама алған жоқпыз. Сондықтан аты-жөнімді атамай-ақ қойсаңыздар, — дейді ол.
Сөз басында Қаржы министрлігі бұл мәселені бұрыннан айтып келе жатқанын жаздық. Министрдің орынбасары Ержан Біржанов БАҚ өкілдерінің сұрағына да талай рет жауап берген.

— Тек блогерлер ғана емес, басқа азаматтар да интернет арқылы түрлі жолмен ақша жинауы мүмкін. Бұл қаражат баланың еміне арналса және мобильді аударым саны 100-ден асса, ендігі жылы бізге ол туралы тиісті мәлімет түседі. Содан біз бұл азаматқа арнайы хабарлама жібереміз. Азамат немесе блогер: «Иә, мен қаңтар, ақпан, наурызда осындай ақша жинаған едім. Кәсіпкерлік мақсатта емес, ақшаны осы бағытта жұмсадым. Жіберілген ақшаның реквизиті бар», — деп өзіне аударылған ақшаның қандай мақсатта жұмсалғанын түсіндіріп беруі тиіс. Мұндай жағдайда ол адамға сұрақ туындамайды, салық міндеті қойылмайды.

Ақша жинайтын адам қаржыны не үшін жинап жатқанын нақты білуі тиіс. Егер кәсіпкерлік немесе жарнама болса, салық міндеттемесі болады. Қайырымдылыққа жиналса, адам ешқандай жауапкершілікке тартылмайды, салық төлемдері пайда болмайды», — деген еді вице-министр.