100 млн данаға жуық жұмыртқа өндіретін атыраулық «Алмалы құс» субсидия алды
2018 жылғы 8 желтоқсан 18:09 24
АТЫРАУ. ҚазАқпарат — «Алмалы құс» ЖШС желтоқсан айына дейін 90,740 млн дана жұмыртқа өндірді, оған 199,6 млн теңге субсидия бөлінген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығында «Субсидиялауға Мемлекеттік корпорацияға өтінім берілген жылға дейін кемінде екі жыл бұрын пайдалануға берілген, жаңа өндірістік қуаттылықтар құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге бағытталған инвестициялық жобалар жатады» -делінген болатын.
Осыған байланысты облыстық инвестициялық субсидиялау жөніндегі комиссияның шешімімен «Алмалы құс» серіктестігі құс фермасын кеңейтуге орай 2017-2018 жылдары жалпы құны 187 863 851 теңге, кеткен шығынының 20% көлеміне 37 572 770 теңге субсидия төленуге шешім шығарылды, деп мәлімдеді Атырау облысының ауыл шаруашылығы басқармасында.
Айта кетейік, «Алмалы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыртқа бағытындағы құс фермасы — 2013 жылғы 31 желтоқсанда Атырау облысы Махамбет ауданының аумағында іске қосылды. Аталған серіктестік алғашқы жылы 30 млн дана, екінші жылы 60 млн дана, ал биылғы жылы 100 млн дана жұмыртқа өндіруді жоспарлаған. Жоспарды 90 пайызға орындаған мекеме жыл соңына дейін жұмысты аяқтап 20,3 млн теңге субсидия қаражатын игеруді көздеп отыр.