10 маңызды құжатқа қол қойылды

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Қазақстан президенті мен Қытай төрағасының келіссөзі нәтижесінде он маңызды құжат қабылданды

НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Кездесу барысында Тоқаев қытай көшбасшысымен Бішкекте өткен ШЫҰ саммитінен кейін араға бірнеше ай салып қайта жолыққанына өте қуанышты екенін айтты. Мемлекет басшысы Қытай төрағасына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, Си Цзиньпиннің досы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізді.

Тағы оқыңыз: Тоқаевтың Қытайға не үшін барғаны белгілі болды

«Біздің кездесуіміз ҚХР-ның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп отыр. Осы сәтті пайдаланып, сізді және тұтас қытай халқын айтулы датамен құттықтағым келеді. Қытай бұл мерейтойға әлеуметтік-экономикалық және саяси даму тұрғысынан зор жетістікпен жетіп отыр. Осы оқиға тек Қытай Халық Республикасы үшін ғана емес, күллі әлем үшін тарихи мәнге ие деп ойлаймын. Сіздің мемлекеттіңіздің дамуы дүние жүзінің жіті назарында,– деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, осы жетпіс жылдық жол Қытай үшін өте ауыр болды. Бірақ 1970 жылдардың соңында Дэн Сяопиннің басшылығымен қолға алынған реформалардың арқасында қытай халқы өз дамуында орасан зор жетістікке жетті.

«Қытайдың табыстары мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін берік негіз болады деп санаймыз. Бүгін біз бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Бұл құжат бойынша Қазақстан мен Қытай ұзақмерзімді, стратегиялық және жан-жақты серіктестікті дамытуға бейілді екенін көрсетеді. Жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластық екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін салмақты құқықтық және саяси база болып табылады», – деді Қазақстан президенті.

Си Цзиньпин өз сөзінде Қазақстанның Орта Азиядағы ірі ел әрі Орталық Еуразияда үлкен ықпалы бар екенін айтты.

Тағы оқыңыз: Тоқаев халықтың Қытайға қарсы наразылығы туралы не ойлайтынын айтты

«Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елдеріңіз зор табысқа қол жеткізді, ұлттық ерекшелікке негізделген даму үлгісін құрды. Сіз президент болғаннан кейін өзіңіздің сабақтастық, әділеттілік және ілгерілеу жөніндегі үш ұстанымыңызды жарияладыңыз. Экономиканы дамытуды, жұмыс орындарын ашуды, сыбайлас жемқорлықпен күресуді, әлеуметтік қорғау деңгейін көтеруді алдыңызға мақсат етіп қойдыңыз. Бұл Қазақстан халқының үмітін ақтайды.  Сіздің барлық бастамаңыз осыған бағытталған. Достас Қазақстан халқына бақ-береке және табыс тілеймін, – деді Қытай көшбасшысы.

Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:​

  1. Мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі;
  2. Қазақстан үкіметі мен ҚХР үкіметінің арасындағы авиациялық іздеу және азаматтық әуе кемелерін құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  3. Қазақстан үкіметі мен ҚХР үкіметінің арасындағы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты (НЖ ЖЭС) мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ) құрылысын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыруға байланысты өзара көмек туралы меморандум;
  4. Қазақстан үкіметі мен ҚХР үкіметінің арасындағы Қытай үкіметінің Қазақстан тарапына суперкомпьютер беру жобасы жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;
  5. Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі мен ҚХР коммерция министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  6. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР бас кеден басқармасы арасындағы Қытайға Қазақстаннан экспортталатын сүт өнімдеріне қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
  7. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР бас кеден басқармасы арасындағы Қытайға Қазақстаннан экспортталатын жүн шикізатына қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
  8. Қазақстанның қаржы министрлігі мен ҚХР бас кеден басқармасы арасындағы интеллектуалды меншік құқығын шекара маңында қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандум;
  9. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚҚХР бас кеден басқармасы арасындағы Қытайға Қазақстаннан экспортталатын зығырға қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
  10. Қазақстан мен Қытай арасындағы кеден шекарасы арқылы тауарлар мен көліктерді алып өту туралы алдын ала ақпарат алмасу жөніндегі техникалық спецификация.

Суперкомпьютер Тяньхэ-2 («Құс жолы-2») — Қытай Халық Республикасының халық-азаттық армиясының Қорғаныс ғылыми-техникалық университеті мен Inspur компаниясы құрастырған суперкомпьютер.



sputniknews.kz