1 шілдеден бастап елімізде қандай өзгерістер болады

0

2021 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде қандай өзгерістер болады?

1 шілдеден жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің басты нормалары күшіне енеді. Біріншіден, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы өтініштер қабылдайтын бірыңғай арна іске қосылады. Тіпті, «Қазпоштамен» қағаз жүзінде жолданған өтініштердің өзі цифрлық форматқа ауыстырылып, электронды түрде тіркеледі. Осылайша, «е-Өтініш» жүйесі өтініштерді қараудың бүкіл тарихы сақталатын біртұтас базаға айналады. Бұл барлық мемлекеттік және сот органдарына, сонымен қатар өтініш берушілерге қолжетімді жүйе болады.

Екіншіден, мемлекеттік органдар өтініштерді бұрынғы қабылданған шешімдер мен берілген жауаптарды ескере отырып қарайды.

Үшіншіден, әрбір қаралған арыз-өтінішке мемлекеттік органда әкімшілік іс ашылады. Оның талаптары мен шарттары Кодексте нақты көрсетілген. Егер арыз иесінің талабы қанағаттандырылмайтын болса, онда мемлекеттік орган міндетті түрде арыз иесін қабылдап, оған түсініктеме береді немесе заңдарда көрсетілген шешу жолдарын түсіндіреді. Арыз иесі ол жауапқа да қанағаттанбаса, мемлекеттік органның немесе мемлекеттік қызметкердің үстінен сотқа шағымдануға құқылы.

Төртіншіден, жаңа тәсілдің қазіргі жүйеден ерекшелігі – енді мемлекеттік органның жауабына шағымдану жаңа тәсілмен жүреді, берілген жауаптың немесе шешімнің дұрыстығын жауапты мемлекеттік орган дәлелдейтін болады. Яғни арыз иесі тек талап-арызын ғана сотқа жеткізеді.

1 шілдеден бастап «Техникалық реттеу туралы» заңның жаңа редакциясы қолданысқа енгізіледі.

«Техникалық реттеу туралы» заңның жаңа редакциясын түсіндірген маманның айтуынша, субъектілерді бақылаудан объектілерді бақылауға көшу жаңашылдық боламақ. Енді өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексеріледі. Бұл үшін зертханалық сынақтар жүргізу мақсатында қауіпсіз емес өнімнің үлгілерін іріктеу рәсімі енгізіледі.

1 шілдеден бастап вакцина туралы ақпарат «Ashyq» жобасына енгізілмек.

Егер адам коронавирустың ПТР сынағынан өтіп, оң нәтиже алса, «қызыл» статус беріледі. Мұндай статус иелеріне үйде оқшаулану режимін қатаң сақтау қажет. «Сары» белгі инфекция жұқтырған адамдармен байланысқа түскен адамдарға тағайындалады. Оларға азық-түлік алуға немесе үй жанындағы дәріханаға шығуға рұқсат бар. Бірақ басқа қоғамдық орындарға баруға тыйым салынған. «Көк» түс – ПТР тест талап етілмейтін жерлерде еркін жүреді. «Жасыл» түс – еркін жүре алатын адам.

Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап қосымша арқылы адамның вакцина қабылдаған-қабылдамағаны да көрінеді.

1 шілдеден бастап Қарағанды облысында карантин күшейтіледі.

Бұл ретте, Қарағанды облысының тұрғындары мен қонақтарына адамдар жаппай жиналатын іс-шараларды (мерекелік іс-шаралар, спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар, конференциялар, семинарлар, көрмелер, форумдар, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, туған күндер, шығарып салу, «құдалық», той, «беташар» және басқалар), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға, өткізу және баруға тыйым салынады.