1 шілдеден бастап 30%-ке өседі
Қысқа сілтеме алу
Жәрдемақы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес 30%-ке өседі
НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Биыл 1 шілдеден бастап мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға тағайындалатын жәрдемақы мен бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім көрсететіндерге берілетін жәрдемақы көлемі өседі, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі.
«Нұр-Отан» партиясының XVIII съезінде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмасына сәйкес мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемі 30%-ке өсуі тиіс болатын.
Тағы оқыңыз: Бала күтіміне келесі жылы қанша жәрдемақы берілетіні белгілі болды
Қазір мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшерінде, яғни 31 183 теңге жәрдемақы алып отыр. Айта кетсек, Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі — 29 698 теңге.
«2019 жылдың 1 шілдесінде мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға берілетін жәрдемақы мен бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім көрсететіндерге төленетін жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 мөлшеріне дейін көбейеді, демек — 41 578 теңге (1,4*29 698)», — деп мәлімет берді «Азаматтарға арналған үкімет».
Корпорацияның мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жәрдемақының осы екі түрін 95 мыңнан астам адам алады. Олардың 82 мыңға жуығы мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандар болса, 13 мыңнан астамы — бала кезінен I топтағы мүгедектерге күтім көрсететіндер.
Тағы оқыңыз: Көпбалалы отбасыларға мемлекеттен қандай жеңілдіктер мен жәрдемақы бар?
Жылдың ортасынан бастап өсетін жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері мен еңбек комитетінің өңірлік департаменттері автоматты түрде қайта есептейді және бұл үшін жәрдемақы алушылар қосымша құжат тапсырмайды.
Жәрдемақы шілденің және келесі айлардың 1-інен 15-іне дейін жұмыс күндері тағайындалатын болады.
sputniknews.kz