«1 минутқа – 30 миллион теңге»: Бағлан Әбдірайымов казино жарнамасына жиі ұсыныс түсетінін жасырмады
“Жігіттер” тобының әншісі, актер Бағлан Әбдірайымов әлі күнге дейін құмар ойынның жарнамасына ұсыныс түсетінін айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жақында өнер иесі құмар ойынның құрбанына айналған жас отбасының өмірін суреттейтін “Қарыз” фильмін түсірді. Алайда өнер иесіне әлі күнге дейін құмар ойынның жарнамасына түсуге ұсыныс тоқтамай тұрған көрінеді.
“Маған әлі күнге дейін қомақты сома ұсынып, жарнамаға түсуге шақырады. Бір қызық айтайын. Қапшағайда бұрын атауы басқаша болған ғимарат бар. Соның иелері Zero киносын түсіріп болғаннан кейін, мені 1 минуттық жарнамаға шақырды. Олар 30 млн теңге ұсынды. Жанымдағы көмекшілеріммен ақылдастым. Жыртық жамауға жететін үлкен ақшаны көріп ойланасың. Бірақ ештеңе істемейтін болдық. Бірнәрсе істесек, қарабет боламыз. Өзің жолама деп жүріп, жарнамасына түсіп жүрсің. Ондай жағдайда елден көшіп, ұяттан бетің өртенетін шығар. 30 млн теңге деген жақсы ақша ғой. Бірақ абырой одан да маңызды. Жарнамаға жоламаймын», – деді актер.
Айта кетейік, кинопродюсер екінші фильміне қанша қаражат кеткенін айтқан еді.
Екінші фильмді түсіруге 212 млн теңге кетті. Сценарий үш айдай жазылды. Фильм түсірілімі 38 күнге әрең сыйды. Әр отбасы көруі керек. Күнделікті тұрмыста байқалмаған әйел мінезі қиындықта батырлық сипат алады. Отбасы шайқалып тұрғанда әйелдің рөлі қандай? Қыздың жаны нәзік болғанымен, әкесін қорықпай кез келген сәтте құтқара алатынын көрсеткенбіз. Жауапсыз еркектің әрекеті тек отбасы емес күллі әлемді ластайды”, – деп қысқаша түсініктеме берді әнші.