1,5 миллиард болсақ та, сайлауға төрт-ақ адам келдік
Қытайдан келген бақылаушылардың өкілі Қазақстанда сайлау алдындағы ахуал тыныш екенін айтты
НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына Қытайдан небәрі 4 бақылаушы келген. Бұл туралы Қытайдан келген бақылаушылардың өкілі Чжань Сиюнь айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Чжан Сиюннің айтуынша, қытайлық бақылаушылар осы жолғы сайлауда тек бір ғана қалада – Нұр-Сұлтандағы учаскелерде болады.
«Бір жарым миллиард халқымыз болса да, сайлауға төрт бақылаушы ғана келдік», -деді ол орталық сайлау комиссиясында.
Сиюнь Қазақстандағы сайлау алдындағы ахуал тыныш екенін, үлкен дайындық жұмысы жүріп жатқанын өтті. Оның айтуынша, саяси доданы еркін және өркениетті түрде өткізуге барлық жағдай жасалған.
«Өз міндетімізді адал орындап, жақсы жұмыс істеуге уәде етеміз. Сайлау, дауыс берумен байланысты барлық дүние Қазақстан заңнамасына сай, еркін және өркениетті түрде өтеді деген үміттемін», — деді ол.
Чжань Сиюнь әріптестерімен бірге ел үшін маңызы зор саяси оқиғадан кейін БАҚ өкілдерімен кездесіп, өткен сайлауға ресми баға беруге дайын екенін жеткізді.
Айта кетсек, бүгін сайлауалды үгіт науқанының соңғы күні. Ертең, 8 маусым – тыныштық күні, кез келген үгіт жұмыстарына тыйым салынады.
Қазақстандағы президент сайлауы
Кезектен тыс президент сайлауы осы жексенбі, 9 маусымда өтеді.
Осы жолы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне жеті кандидатты тіркеді:
- Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
- «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
- «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
- «Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
- Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
- Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
- «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.
sputniknews.kz