1,2 млрд теңге, премиум кластағы көліктер: тағы бір пирамида анықталды

0

«Asar Baspana» қаржылық пирамидасының ұйымдастырушылары ұсталып, 1,2 млрд теңгеден астам қаражат тәркіленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 ЗАҢСЫЗ ҚЫЗМЕТ

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен ағымдағы жылдың 8-10 ақпаны аралығында еліміздің барлық өңірлерінде кең ауқымды операция жүргізді, нәтижесінде тұтыну кооперативінің атын жамылған «Asar Baspana» қаржы пирамидасының заңсыз қызметі тоқтатылды.

ҚАЛАЙ ПАЙДА ТАУЫП ОТЫРҒАН

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымшыларға жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын, сондай-ақ тұрмыстық өнімдерді (биологиялық белсенді қоспалар, ас үй ыдыстары, косметика, тұрмыстық химия және басқа да тауарлар) сатып алу үшін қаражат салуды ұсынған, ал қарымына  ай сайын салынған соманың 30% — на дейін пайда табуға уәде берген.

ТӘРКІЛЕНГЕН ЗАТТАР

Компаниялардың кеңселерінде және күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту барысында 1,2 млрд теңгеден астам сомада қолма-қол ақша және  ішінде премиум класты көліктер бар 13 автомашина тәркіленді.

Екі қаржылық пирамида ұйымдастырушы ұсталып, оларға қатысты сот екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі іс-шара санкциялады.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.