Үш баланың анасы 46 кг салмақ тастап жұртты таңғалдырды
Колчестер қаласының тұрғыны қант қосылған кофе мен тапсырыспен алдыратын тағамнан бас тартып, 15 ай ішінде 46 килограмға арықтады. Арықтаған соң көпшілік оны Меган Марклмен салыстырып жүр.
29 жастағы үш баланың анасы Тэнси Арнеттің салмағы 114 кг болған. Ол көптеген диетадан кейін керісінше артық салмақ қосып ала беретін болған. Осының салдарынан, тіпті, күйеуінің алдында шешінуден ұялған.
Артық салмақ оның денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймады.
«Менің буындарым, арқам, мойным ауырып, тез шаршап қала беретінмін. Күн сайын, әр минут сайын артық салмағым үшін қатты уайымдадым», — дейді ол.
2019 жылдың қараша айында арықтау үшін әпкесі екеуі жергілікті топтың құрамына қосылады. Айтуынша, орталық оған арықтау бағдарламасын ұсынып қана қоймай, тиісті мотивацияны да берген.
Бүгінде Арнетт күніне үш рет тамақтанады. Жемістер мен көкөністерді көбірек жейді.
Дұрыс тамақтану мен спорттың арқасында Арнетт 68 килограмға дейін арықтады. Осы орайда ол арықтағысы келіп жүргендерге өзгеріске дәл осы сәттен кірісуге кеңес берді.