Ауғанстанда аш отбасы қызын 500 долларға сатты

0

Ауған отбасы бала-шағасын аш қалдырмас үшін жаңа туған нәрестесін сатуға мәжбүр болды, деп хабарлайды kznews.kz сайты BBC агенттігіне сілтеме жасап.

Британдық сайттың мәліметінше, Герат қаласы маңында тұратын бұл отбасы нәрестені 500 долларға сатқан. Олар бұл ақшаға бірнеше ай күн көре алатынын жеткізген.

«Үйде не ұн, не май жоқ. Солай істеуге мәжбүр болдық» – деді нәрестенің әкесі.

Агенттіктің мәлімдеуінше, бұлай істеуге мәжбүр болған Ауғанстандағы жалғыз отбасы ғана емес.

Қазір елдің нәзік экономикасын қолдайтын халықаралық қорлар тоқтатылған, өйткені әлем Талибан режимімен қалай күресуге болатынын талқылауда.

Жығылған үстіне жұдырық болып Ауғанстанда соңғы төрт жылда екінші рет қуаңшылық орнаған.

«Ауғанстан ауыр гуманитарлық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Апат болайын деп тұр», – деп хабарлады БҰҰ Азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Дэвид Бизли.

Айта кететіні, БҰҰ егер таяу арада гуманитарлық көмек көрсетілмесе, Ауғанстан аштыққа ұрынып, миллиондаған адам қайтыс болатынын қатаң ескерткен еді.

Оралбай Мергенбайұлы

фото: republicbuzz.com