Жезқазған қаласында еліміздегі алғашқы Геологиялық кластер салу жобасы іске асуда
2024 жылы Ұлытау облысында тұңғыш Геологиялық кластер жұмысын бастайды. Қазба жұмыстарының техникалық және кадрлық ресурстарын біріктіретін жоба жеке компанияның инвестициялық қаржысына жүзеге асырылуда. Құрылыстың жалпы құны шамамен 7 млрд.теңгені құрайды. Нысанның құрылысы аяқталған соң, онда 150 адам жұмыспен қамтылады.
Құрылыс бұрынғы «Жезқазғангеология» геологиялық экспедициясының аумағында жүзеге асырылады.
«Kazakhmys Barlau» компаниясы құрылыстың егжей-тегжейлі жоспарын әзірледі, тозығы жеткен және апатты ғимараттарды бұзып, ол жерлерде жұмыстар жүргізуде.
Жезқазған өңірінде минералды-шикізат қорын арттыру үшін геологиялық жұмыстарға 2022-2025 жылдары шамамен 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бүгінгі күні Ұлытау облысы бойынша 19 учаскеде барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол міндет «Kazakhmys Barlau» мамандарына жүктелген.
«Геологиялық кешен – Ұлытау облысы ғана емес, Қазақстан бойынша пайдалы болмақ. Себебі бұл – еліміздегі тұңғыш үлкен Геологиялық кластер. Ендігі жылдың бірінші тоқсанында құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы 150 орын жұмыс орны ашылады. Мыстан басқа да осы өңірде көптеген жер қазбалары бар. Соны ары қарай жетілдіріп, ғылыми жаңа тәсілдерді қолдануға осы орталық септігін тигізеді»,- деп атап өтті Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Жаңа жобаның сәтті жүзеге асуы — Қабанбай батыр ықшам ауданының дамуына оң әсерін тигізеді. Қазірдің өзінде инвесторлардың қолдауымен ірілі-ұсақты мәселелер шешімін тауып отыр. 1 мыңнан астам тұрғыны бар ықшамауданда үйлердің тең жарымы көгілдір отынға қосылған. Жақында «жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша заманауи білім ордасының құрылысы басталды.
«Қазіргі таңда өздеріңіз білесіздер, шикізаттың бәрі не терең орналасқан немесе басқа элементтермен қоспа ретінде келеді. Оның бәрін технологиямен бөліп алып шығу үшін ғылым керек. Ол ғылымды осы Жезқазған өңірінде дамыту қажет. Сондықтан геологиялық кластер сондай оймен құрылып жатыр.
Бұл жерден оқу ғимараттары, қызметкерлерге арналған жатақхана, геофизикалық зертхана және жер қыртысының сынамаларын сақтайтын қойма салынады. Өзге өңірлерден және шет елдерден үздік ғалымдар шақырылады», — дейді «Kazakhmys Barlau» ЖШС Бас директоры Ғалым Нұржанов.