Қыз ұзату тойының бюджеті: Қанша қаражат керек?

0

«Ұзату тойын жасауға қанша кетеді?« деген ойда жүрген қыздар мен олардың ата — анасына арнап 7kun.kz сайты қыз ұзату тойының бюджетін есептеп көріпті, сол есепті сіздермен бөлісуді жөн санадық.

Қазақтың өмірінде үш бәс бар: несиелік, букмекерлік және тойдың бәсі. Алғашқы екеуі жалақыңыздың мөлшері мен тұрмыстың деңгейіне байланысты болса, соңғысы ешбір факторға тәуелді болмайды. Тек «ұят» дегені болмаса. Жақыныңның қуанышында қалтаңа қарай қанша көсілдің, саған да сондай көлемде «сый» қайтады.

«Бірақ «тойдың түрлері» категориясында «өз-өзін өтей алмайды» деген типтегі салтанатты шара бар. Ол — қыз ұзату», — дейді өткізгендер. Алдын-ала уайымға түсу қажет жоқ. Батылдығыңызды жиып, есепшотыңызды алып, жарқын болашақты елестете отырып біздің болжамымызға көз жүгіртіп көріңіз.

Тойдың шынайы үлгісін қарау үшін жақында ғана ата-ана шаңырағынан ұзатылған Гүлжан есімді кейіпкеріміздің кеңесіне жүгіндік.

Той орны

Үлкен тойлар көбінде мейрамханаларда өткізіледі. Ақшасын түгел санап берсеңіз, жүйкеңізді құртып құртып әуре болмайсыз. Алматыдағы мейрамханалардың бір кісілік орын бағасы 5 мың теңгеден басталып 20 мыңның асады.

Гүлжан есімді бойжеткен тойды «Салтанат» мейрамханасында өткізген. Қонақ саны көп болған сайын сізге көрсетер жеңілдік көлемі де көбейе түседі. Орын бағасын 5 мың теңге деп келісілді.

Дастархан мәзірі. Гүлжанның ұзатылуы өткен мейрамханада яғни әр қонақ үшін 5 мың теңге төлесеңіз, дастарханнан 4 түрлі салатты, 2 түрлі тіскебасар мен бауырсақты көресіз. Сусыныңыз бен етіңіз сіздің мойныңызда. Кейіпкеріміздің ата-анасы 150 кісі үшін бір сиырдың етін алдырып, әр адам үшін сусынды 2-3 литрден есептеді. Жеміс-жидек пен самса үйден дайындап әкелінді. Тортқа бөлек тапсырыс берілді.

Мейрамхана дайын. Тойдың жақсы өтуіне басты себепкер болатын тағы бір фактор – асаба мен мереке бағдарламасы. Асабаңыздан қателеспесеңіз,ар жағын аса уайымдамасыңыз да болады. Біздің кейіпкеріміз тамаданы танысы арқылы 150 мың теңгеге жалдаған. Таныстың рөлі зор. Ал шындығында алматылық тамадалар 40-50 мың теңгеден (қадамын енді басқандар) басталады. Орташа баға 80-100 мың теңге. 2 мың долларға арнайы шоу-бағдарламасымен қоса шақыруға болады. Қыз ұзатудағы шоу-бағдарламалардың құрамына ұзатылар қызды сәнмен мейрамханаға алып кіру және барынша сән-салтанатпен үлкен өмірге шығарып салу рәсімдері кіреді. Арнайы қыз-жігіттер, жеңгелер сіз үшін сыңсу айтып қоштасады. Бірақ тойдағы басты кеңесшіңіз тамадаңыз, барлығы сол кісінің шығармашылық шеңберіне байланысты болады.

Қонақтарды шақыру, арнайы фотосессия

«Ұзату тойымыздың құрметті қонағы болыңыз» деген алақандай қағаздың құны 70 теңгеден басталады. Ал қалыңдықтың суретімен безендіріліп, арнайы әрленген шақыртулар 150-200 теңге көлемінде. Фотосалондарда 30 мың теңгемен 100 мың теңге аралығында ең көрікті жерлерде арнайы фотосессия жасалады. Осы орайда Гүлжан кейіпкеріміз кеңес ұсынады. Тойға шақырылған жандардың барлығы бірдей сіздің ең жақының емес жақсы таныс деген деңгейде болуы мүмкін. Сіздің суретіңіздің 150 үйдің түкпір-түкпірінде қалмауы үшін жақындарыңыз үшін қалыңдықтың әрленген шақырту жіберіп, өзгелерін алғашқы нұсқамен қанағаттандыруға болады. Тиімді әрі ешкімнің де көңілін қалдырмайсыз.

Мейрамхана жалданды, қонақтарға шақырту жіберілді, тамада сайланды. Енді қалыңдықтың дайындығына кірісу қажет.

Ұзату көйлегі

Көйлекті сатып алуға да, жалға алуға да болады. Жалға алу 40-50 мың теңгеден басталып, 70-80 не 100 мың теңгеден асып жығылады. Немесе 80-90 мың теңге көлемінде сатып алуға да болады. Көңіл мен қалтаның ұштасқан тұсын таңдаңыз.

Қалыңдық киімі

Қалыңдықтың киім-кешегі үшін қомақты қаржы жаратуға тура келеді. Қысқы тонның ең жақсы дегені 100 мың теңге тұрады. Гүлжан тоннан бөлек 4 түрлі мерзімге киім, 3 түрлі етік пен бірнеше пар аяқ-киім және басқа да ұсақ-түйектерді есептегенде 200 мың теңге жұмсады.

Жасау

Мұның жөні бір бөлек. Жас отаудың бөлмесі үшін керует, шкаф, тумба және орындықты айна 300 мың теңге көлемінде тұрады. Қосымша кілем-текемет, көрпе-төсек бар. Құда көрпе және құдағи көрпе міндетті түрде болуы қажет. Оның өзі де екі түрлі жолмен дайындалады. Арнайы мақтасын бөлек сатып алып, тіктірсеңіз болады. Немесе құда көрпені 8-10 мың теңге көлемінде, құдағи көрпешені 5-6 мың теңге көлемінде сатып аласыз. Шамаңызға қарай ыдыс-аяқ та қосылады.

Сонымен қонақтар санын 150 деп дөңгелетіп, қысқаша тізім құрып көрсек

Қыз ұзату тойының бюджеті: Қанша қаражат керек?

Тойдың да берері бар, алары бар. Екі күндік құдалыққа бар тапқанды жұмсап жіберіп, екі жыл несие төлеуге болады. Екі жақтан түскен бар ақшаны үйлену тойы өткен мейрамханға төлеп, той мен қожайын арасындағы есепті 1:1-мен аяқтауға болады.

«Қыз ұзату деген өте қиын шаруа. Кейде ата-анама салмақ түсірмей қашып кетсем де болатын еді ғой деп ойлаймын. Бірақ ата-анаңның ақ батасын алып, сән-салтанатпен ұзатылу – әрбір қыздың арманы. «Тойдың болғаннан боладысы қызық» дейді ғой. Сонша уақыт дайындалып, бір күн ішінде естен кетпестей болып өткен мереке өмір бойы есіңде қалады. Осы сәттердің өзі барлық шығынды ақтап алады» дейді Гүлжан.

Өмірдің ең қызықты сәттері ақшамен өлшенбейді. Өз қызығыңыз үшін қанша қаражат жұмсау-сіздің еркіңіздегі шаруа. Барлығы сіздің тапқырлығыңыздың және … туыстарыңыздың санына байланысты.