Жасанды интеллект қандай қауіп төндіреді?

0

Фото: Atameken Business Channel

Астана, BAQ.KZ. Қағаз, баспа ісі, компьютер, жасанды интеллект – адамның өмір сүру салтын, жұмысын, тіпті, ойын ойнау мен жақсы көру секілді сезімдерін де өзгерте алатын революциялық технология. Қазіргі күннің өзінде бұлар біздің өмірімізге біз қабылдаған және біз біле бермейтін өзгерістерді алып келді. Бұл туралы America Magazine басылымы хабарлады.

Бүгінгі таңда Facebook, Apple және Google секілді алпауыт компаниялар жасанды интеллектіні дамыту жобаларына миллиардтап ақша салуда. Дегенмен, бүгінде жасанды интеллект туғызатын этикалық проблемалар көптеген ғалымдардың зерттеу объектісіне айналған. Ғалымдар жасанды интеллектінің моральдық салдары қандай болуы мүмкін екенін, оның адам өміріне қандай қауіп төндіретінін зерттеп әлек. Тіпті, олар жеке өмірдің құпиялығы да жойылатынына қатысты зертетулер жасаған.

«Ғалымдар ғана емес, көптеген адамдар жасанды интеллектінің этикасы туралы іздене бастады. Себебі көпшілігі отпен ойнап отырғандарын және өрттің тұтануының алдында тұрғанын біледі», — дейді Санта-Клара университетінің Жасанды интеллект этикасы бөлімінің басшысы Брайан Грин.

Жасанды интеллект этикасы саласы негізгі екі категориядан тұрады. Олардың бірі – философиялық және кей жағдайда теологиялық сұрақтар. Мысалы, жасанды интеллект адам тағдырын қалай өзгертеді? Екіншісі – қуатты жасанды интеллектінің адамзат күнделікті тұтынатын тауарларға, яғни, смартфон мен әлеуметтік медиаға әсері.

Бірінші мәселе жалпы жасанды интеллектіге қатысты. Яғни, жасанды нтеллект тек адамның ойын, көзқарасын ғана өзгертпей, кей жағдайда адамның өзін басып озып жатады.

Бүгінде кең танылған сингулярлық сөзі машинаның адамнан да ақылды, адамнан да қуатты бола түсетінін кезеңді сипаттау үшін ойлап табылған. Бұл кезең дәстүрлі діни көзқарастардан алшақ болады және философиялық тұрғыда біз күтпеген салдарға әкелуі мүмкін.
Дегенмен, бұл кезеңге жетпес бұрын, бұл сұрақтардың анық жауабын білмес бұрын біздің жасанды интеллект этикасына тоқталғанымыз жөн болар. Себебі бұл көбіне практикалық проблемалармен байланысты болады. Мысалы, сіздің телефоныңыздағы жасанды интеллект сізге қай уақытта пицца керек екенін біледі.

«Дәл қазіргі таңда сингулярлық – бұл ғылыми фантастика. Қазіргі кезеңде бізді этикалық проблемалар алаңдатуы керек», — дейді Санта Клара университетінің философия профессоры.

«Қара айна» факторы

Біз жасанды интеллект туралы енді ойлай бастадық. Дегенмен, ол біздің өмірімізге еніп алғаны белгілі. Мысалы, Google Maps оңай жолды ұсына алады, Siri дауыс арқылы жұмыс істейді. Тіпті, жасанды интеллектінің әлі кең дамымаған заманында да түрлі роботтардың пайда болуы «Қара айна» сериалының сюжетіне ұқсаған апокалипсистік сценарилерге алып келуі мүмкін. Мысалы, температураны бақылау жүйесі бөлмедегі адамдардың барлығын өлтіруі мүмкін немесе энергия үнемдейтін компьютерлер жүйесі атом электр стансаларын басып алуы мүмкін, сол кезде олардың өз еркімен жұмыс істеуіне энергиясы жеткілікті болады.

Бағдарламашылар компьютерлерге бізді таңғалдыратын әрі бізді қуантатын ақылды операцияларды қаншалықты үйрете бастаса, олардың қаупі де соншалықты арта береді. Сол себепті де болар жасанды интеллектінің этикасы мамандарды алаңдата бастады.

«Силикон алқабында моральдық мәселелер жоқ деуге болады. Ал шіркеу мен үкіметтер технологиялардың тигізетін пайдасы туралы білулері керек. Біз бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз», — дейді Питсбургтегі Карнеги-Меллон университетінің жасанды интеллект этикасы маманы Тэ Ван Ким.

Бүгінде мамандар жасанды интеллект этикасы туралы мектептерде, түрлі кәсіпорындарда және үкіметтік мекемелерде дәріс оқып жүр. Олар әсіресе техникалық сала кәсіпкерлеріне келесі сұрақтарға баса мән беру керектігін айтып жатыр: ДНҚ мәліметтерін жинайтын және анализ жасайтын технологиялық компаниялар адам өмірін құтқару үшін бұл мәліметтерді фармацевтикалық фирмаларға берулері керек пе? Несиені алу немесе адам өмірін сақтандыру үшін ұсыныстар беретін код жазу этика нормаларына сай келе ме? Миллиондаған адамды жұмыссыз қалдыратын технологияларға қаншалықты инвестиция салу керек?

Өз кезегінде технологиялық компаниялар да этика мәселесіне көптеп ресурстар тартуда. Ал техникалық компания басшылары өздері ойлап тапқан туындылардың әсері туралы ойлана бастады. Мысалы, Силикон алқабындағы ата-аналардан алынған сауалнама барысында олардың көбі өз балаларына смартфон ұстауға тыйым салғандары белгілі болды.

Бүгінде жасанды интеллект этикасы мәселесі көпшілікті шындап алаңдата бастады. Мысалы, маусым айында Google жасанды интеллекті бар қосымшалардың жеті жұмыс істеу принципін жариялады. Онла қосымшалар әлеумет үшін тиімді, әділетсіздікті болдырмайтын, қауіпсіздігі тексерілген, жеке өмір құпиялылығы сақталған, жоғары стандарттарға сай, қолданылуға жеңіл әрі ғылыми жетістіктерді қамтыған болу керектігі айтылған.

Бұл принциптерге сенсек, әлеуметтік тұрғыда тиімділікті қалай сипаттауға болады? Мысалы, Googlе жергілікті нормаларды ұстануы керек. Егер Қытай заң жүзінде компанияға адам құқықтарын шектейтін жасанды интеллектіні қолдануға рұқсат берсе, компния оған келісім береді деген сөз бе? Компания журналистердің ресми сауалына жауап бермеді.

Дегенмен, жасанды интеллект этикасының ең басты проблемасы жаһандық Интернеттің бұл ұстанымдардың барлығының орындалуына кедергі келтіруінде болып тұр. Оның ішінде сөз еркіндігі мәселесі де бар. Әрине, көп жағдайларға корпорациялар жауапты. Әсіресе ақылды машиналарға көп нәрсеге мүмкіндік беріп отырған жағдайда бұлай олмауы мүмкін еместей көрінеді.

Экономиканы зерттеген кез келген адам жаңа технологиялардың жұмыс орындарын жауып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да әсер ететінін жақсы біледі. Мысалы, көлік пайда болған кезде зат тасымалдаушылар жұмыстан айырылғанымен, автомеханиктер пайда болады және тағы сол сияқты көптеп мысал келтіруге болады.

Ал жасанды интеллект этикасының мамандары қазіргі технологиялық революция интеллектуалды мүмкіндіктерімен ерекшеленіп отырғанын айтады. Мамандардың айтуынша, мұндай автоматтандыру толық дамымаған адамдар тобын қалыптастыруы мүмкін.

Жасанды интеллект кесірінен артатын жұмыссыздықтың экономикалық мәселесі кіріс пен қаржы бөлінісіне байланысты болады. Дегенмен, мамандар жасанды интеллект этикасы мақсатсыз өмірдің, мақсатсыз қызметтің еш пайдасы жоқ екенін көрсететінін айтуда.

«Әлеуметтік ғылымдар жасанды интеллект этикасындағы маңызды фактор саналады, себебі ол адамның бақыты мен абыройы үшін жұмыстың маңызды екенін көрсетеді. Ал ақша өмірге мән де, бақыт та бермейді. Адамдар көп затқа жұмыссыз қол жеткізе бастайтындықтан, жеке даму, интеллектуалды деңгей мен ынталандыру жоғары деңгейде болмайды», — дейді мамандар.

Бұл адам қолымен жасалатын жұмысқа берілген ең жақсы баға деуге болады. Дегенмен, капитализм заманында роботтардың арзан әрі жылдам жұмыс істеу қабілеті жасанды интеллектіні тартымды ете түседі.

«Кейбір адамдар виртуалды әлемде жұмыс істеу туралы айтып жүр. Компьютер ойындарында да жұмыс орындары бар. Дегенмен, бұл жай ғана ақысы төленетін жұмыс емес. Ол мүлдем басқа», — дейді мамандар.

Дегенмен, мамандар автоматтандырудың қаупі өте көп болмауы мүмкін екенін де айтып жатыр. Мысалы, Питтсбургтегі Legal Sifter компаниясы келісімшарттарды оқып, оның кемшіліктері мен ішіндегі қателерді іздеп табатын оқу алгоритмін қолданады. Заң тілінің шаблонды екенін ескерсек, бұл технологияның пайдасы көп.

«Біз жұмысқа адам қабылдамай-ақ өнімділігімізді жеті есе арттырдық. Бүгінде заңды қызметіміз өте көп адамға қолжетімді», — дейді аталған компания басшысы.

Дегенмен, оның айтуынша, адвокаттар ешқашан жоғалмайды.

«Алқабилер соты, заңгерлер, судьялар жоғалмайды. Болашақта бұлар роботпен бірлесіп қана жұмыс істеуі мүмкін», — дейді ол.

Автономды көліктер проблемасы

Көптеген америкалықтардың жұмысы автокөлік жүргізумен байланысты. Ал енді өздігінен жүретін көліктер пайда бола бастап, миллиондаған такси жүргізушілері жұмыссыз қалуға алаңдап отыр.

Шамамен он жылдан кейін автомагистральдағы автокөліктердің көпшілігі өздігінен жүре алатын болады. Дегенмен, бүгінгі таңда автокөліктердің маңызын ескерсек, оның жұмысындағы кез келген өзгеріс қоғамды да өзгертетіні анық.

Жасанды интеллект этикасы мамандары автономды автокөліктерге қатысты көптеген мәселелерді қарастырып жатыр. Олардың айтуынша, ең басты проблема 1960 жылдары философ Филипп Фут ұсынған троллейбус проблемасы болып отыр. «Бұл нұсқада автошина қатты жылдамдықта бағытын өзгертіп, аз адамның өліміне әкелуі мүмкін бе? Ал егер бағыттың өзгеруі балаға қауіп төндіретін болса ше?» деген сұрақтар қамтылған.

Технология сарапшылары бұл теорялық мәселе екенін айтады. Себебі қазірде көліктер адам мен жансыз жатты ажырата алмайды.

«Дегенмен, бұл жағдайдың этикалық жағы басым», — дейді Gartner Research компаниясының автокөлік сарапшысы Майк Рэмси.

Ең үлкен проблема – роботты заңға қайшы әрекет етпейтіндей етіп бағдарламалау. Адамдар ережелерді бұзады. Мысалы, көлік жылдамдығын арттырады. Бұл адам аз жүретін жерлерде қауіпсіз болғанымен, техникалық тұрғыда қауіпсіз. Ал бұл әрекетті машинаға қалай меңгертуге болады? Бағдарламалаушылар бұл әрекеттерді істеуге талпынып жатқанымен, олар өз алгоритмдерін адам әрекетіне байланысты жасайтын болады. Бұл – үлкен проблема.

«Кез келген жасанды интеллект бағдарламасы адам әрекеттеріне негізделген. Яғни, қандай адамды көшіріп жатқаныңыз өте үлкен рөл атқарады», — дейді Санта-Клара университетінің жасанды интеллект маманы Грин.

«Адамдардың көшірмесін жасау» жасанды интеллектінің адаммен байланыс саласына жатады. Жасанды интеллект роботтар дос болып, отбасын құруға, тәпті, терапия жасап, романтикалық сезім көрсетуге бейімделуі де мүмкін.

Ғалымдар жүргізген бір зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, тіл үйренгісі келетін балалар, әлеуметпен енді қарым-қатынас орната бастаған және аутизммен ауыратын балалар жасанды интеллекті бар роботпен жақсы тіл табысқан. Дегенмен, философ Алексис Элдер бұл жағдайдың моральдық қаупі көп екенін айтады. «Роботтардың мүмкіндігі көп қауіп туғызады. Ал балалардың роботпен қарым-қатынасы оларды алдағанмен пара-пар. Себебі бала адаммен сөлесіп отырмын деп ойлауы мүмкін. Ал Аристотель адамдарды жалған сенімдермен алдау дұрыс емес екенін айтқан», — дейді философ.

Жасанды интеллект әлемді басып алуы мүмкін бе?

Бүгінде кейбір мамандар техникалық фирмалар мен үкіметтер жасанды интеллектінің осы деңгейден ары қарай дамуына жол бермеу керектігін айтып жатыр. Олардың ойынша, бұл даму үдерісі тоқтамаса, машина планетаны жаулап алуы мүмкін екен. Сонымен қатар мамандар адамды қазіргіден екі жүз есе ақылды ете түсетін чиптің миға салынуы қалай болатынын да ойластырып жатыр. Бұл адам құқықтарына қайшы келе ме? Қалай болғанда да, біз білетін дәстүрлі өмір өзгеретіні анық.

Ал Мэрилендтегі Лойола университетінің профессоры Джон Конли адамдардың не себепті мәңгі өмір сүруге талпынатынын түсінбейтінін жазды. «Бұл утопияда мүмкіндігі шектеулі адамдарға орын бар ма? Біз нге адам өміріндегі, әдебиет пен өнердегі драманың негізгі бөлігін – яғни, өлімді болдырғымыз келмейді? Ал махаббат пен шығармашылық ше? Табиғаттың құндылықтары қайда қалды?», — деп жазды ол.

Вашингтондағы World Wide Web Foundation мамандары зерттеу барысында бүгінгі таңда адамдар жаңа технологияларды түсінбейтіндіктен, оны Құдайдай көретінін анықтаған.

«Бірақ бұл Құдай емес. Біз тіпті жасанды интеллектінің құндылықтары болуы мүмкін бе деген сұраққа да нақты жауап бере алмаймыз. Бір анығы – технологияларға табынудың қажеті жоқ. Біздің өміріміз және таңдауымыздың бағдарламалық қамсыздандыруға тәуелді болатын деңгейге жеткізудің керегі жоқ. Бұл біздің қолымызда. Бізде бостандық бар. Біз әлі де таңдау жасай аламыз», — дейді олар.

Ағылшын тілінен аударған: Алтынай Қуанышбек


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ