ХАҚ – халықтық партия болары хақ!

0

Еліміздің  саясат алаңына жаңа  ойыншылар шығуға талпыныс жасап  жатыр. Дұрыс-ақ. Өйткені өткен президент сайлау кезінде-ақ халық саясат  сахнасына жаңа бір күштердің келуін күткен. Өкінішке орай елдің сенімі ақталмады. Сенген адам тайқып кетті. Дегенмен соның  орнын толтыру үшін бүгінде «партия құрамыз, халықтың сөзін сөйлейміз» деп жүргендер баршылық. Соның бірі болашақта тіркелуі  мүмкін ХАҚ партиясы. Жетекшісі Тоғжан Қожалиева. Алдағы әңгіме осы  партия төңірегінде өрбімек.   

– Жалпы партия  құру туралы ой  неден туды? Не әсер етті?

– Мен  бұдан  сәл бұрын  нақтылап айтатын  болсам наурыз айында  «Аруана» деген әйелдер құрылтайын құрғанмын. Өйткені дәл сол тұста көп балалы аналар  мәселесі қоғамда өткір тұрды. Бұған не әсер еткенін  өзіңізде білетін боларсыз. Елордасы Нұр-Сұлтан шаһарында   бес баланың шейіт болуы көп балалы аналар проблемасын алдыңғы  шепке шығарды. Көпбалалы аналар мәселесімен айналыса бастап едім,   жағдайдың ауқымы тым кең, тым терең екенін аңғардым. Кішкентай ұйыммен  үлкен мәселелерді шешу мүмкін емес екенін сезіндім. Сол тұста, диванда  отырып әлеуметтік желілер арқылы ақыл айтып, данышпансығаннан гөрі, халықпен тікілей  байланысқа түсу үшін, «неге партия құрып, елдегі түйткілді мәселелермен айналыспасқа»  деген ой туды. Ойландық. Толғандық. Ақыры партия құруға бел шешітік. Өйткені елдегі әлеуметтік  жағдайды шешу үшін соңында мыңдаған адамы бар күш керек екен.  

 

– Дегенмен  қазақы ортада «Байтал шауып бәйге алмас», «Қатын бастаған көш оңбас» деген ұғым  бар. Қазірдің өзінде ел арасында сізге деген сенімсіздік бар.  

Оны  менде  естіп жатырмын. Бірақ кімнің аузына  қақпақ боласың. Айта берсін. Біз өзі  сонау атам заманнан оза шапқанды «омақа асса екен»  деп күндеуге бейім жұртпыз. Керісінше, «қызда болса,  ер жігіттің тірлігін жасап жатыр екен. Ақ жол» дейтіндер кем. Мейлі, кім не  десе , о десін. Мен өзім тарихшымын. Ата-бабамыз жүріп өткен, сонау арғы тариха  көз салайықшы, сақ дәуірінде өмір сүрген, елі, жері үшін сыртқы жаулармен алысып  өткен, бүтін бір тайпаларға басшы болған Тұмар (Томирис), Зарина секілді ержүрек апаларымыз  болған. Тіпті анау көктүріктер заманында да Бумынға, Естеміске, Білге мен Күлтегінге, дана Тоныкөкке  жар болған аналарымызда тегін адам болмаған. Солардың отбасындағы қолдауымен қағандарымыз күнше күркіреді,  даналарамыз абыз болды. Ел болды, қағанат болды. Күлде жатқан халқын күнге көтерді. Бері келетін болсақ, кешегі  Сүзге ханым, қаракерей Қабанбай батырдың жары Гауһар, одан кейінгі Бопай, Айғаным ханымдар ше? Иісі қазақта ел бастайтын  дана, батыр қыздар көп болған. Біз сондай рухты халықпыз. Сол батыр, дана апаларымыздың жалғасы іспетті, бүгінгі күні мен партия  құрып, елдегі саяси іске араласып, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтағым келіп жатса, несі айып? Қайта қолдау керек емес пе? Білмеймін,  бойымда құдай берген бір қасиет бар. Ол-қайраткерлік. Алға қойған мақсатыма жетпей тынбайтын адаммын. Оған ерік-жігерім жетеді. Партия құрамын.  Ол партия халықтық партия болу ы тиіс! 

 

– Партиялар туралы қазіргі заңның өрескел тұстары өте көп – тіркеуден өту үшін 40 мың адамның қолын жинау, әр облыстан офис ашу дегендей. Бұған  мүмкіндіктерің бар ма?

Бізде  партия құру  үшін қолдан жасалған  кедергілер өте көп. Алайда  «солай екен» деп қорқуға болмайды. Яғни  бел будықпа, соған жетуге тырысу керек. Халық  қолдайды деп сенемін. Өйткені саяси өмірдегі өлі тыныштықтан қажыған халық жаңа ойыншылардың келуін асыға күтіп отыр. Демек, халықтың  көкейіндегісін айтсаң, қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді шешіп беруге мүмкіндігің бар екенін сезіндірсең, онда халық сенің соңыңнан ереді.  Ондай жағдайда 40 мың қол жинау қиын болмайды. Тағы бір мысал, өткен президент сайлауында халық саясат алаңында бұрынғы таптаурын тұлғаларды емес, жаңа  ойыншылар келуін күтіп отырғанын көрсетті. Кейбіреулер айтады, елде бір екі партия болса жетеді деп. Партияның көптігінен қорқудың қажеті жоқ. Мына көрші айырқалпақтыларда (Қырғызстанда)  240 партия бар екен. Кішкентай ғана ел. Содан болар оларда саяси алаң үнемі қызу. Ресейде партия құру үшін 500 адамның қолы қажет. Қазақстанда 40 мың адамның қолы керек. Сұмдық қой, бұл  деген! Елімізде алты партия бар. Билік партиясы ғана тірлік жасайды. Қалғандары «өлі». Тек сайлау кезінде ғана «жыбырлаған» болады. Болды. Содан кейін оларды ешкім білмейді, қолдамайды, соңынан ермейді. Егерде  менің партиям тіркелетн болса, біз халықтың сөзін сөйлеуге даярмыз. Тіпті тіркелмегеннің өзінде де жұмысымызды тоқтатпаймыз. Өйткені ұлт мүддесі үшін азды –көпті жұмыс істеудің өзі, бір ғанибет.

– Жарайды партия  тіркелді дейік, ең  бірінші нені қолға аласыңдар?

Ол білім  саласы. Сапасыз  білім, мемлекетті  көркейтпейді. Байқайсыз  ба, қазір, өз ісіне біліксіз  мамандар көп. Демек білімі кем. Оқыған –тоқығаны  аз. Ол үшін білім саласына үлкен реформалар қажет. Елімізге  керегі білікті де білімді азаматтар. Солар ғана мемлекетті  алға сүйрейтін тегершік бола алады. Дегенмен ең басты қолға алатын  мәселе, ол жүйені өзгерту керек. Бар күшті соған саларымыз хақ. Елде  саяси реформалар жасалмай, бірдеңе өзгере қояды дегенге сенбеймін. 

 

– Байқаймын,  сіздің айналаңызға  топтасқандардың бәрі  жастар секілді. Бірақ зер  салып қарап тұрсаң, еліміздегі   жастардың өзі тарам-тарам. Ауыл жастары, қала жастары, қазақтілді, орыстілді болып  бөлінген. Олардың басын біріктіре аласыңдар ма?  

Иә.  Бір қарасаң  солай. Бірақ бәрінде бір  ортақ проблема бар. Білім саласының  ақылы болуы, сапасыздығы, өз ойыңды ашық  жеткізе алмау, жұмыссыздық, баспана мәселесі  т.б. Біз осы түйткілдерді жастармен бірлесе отырып  шешсек дейміз. Сол үшін қатарымызға жастарды көбірек  қабылдауға даярмыз. Жастар мемлекеттің болашағы. Демек оларға жағдай жасау міндетіміз. 

 

– Тарихты жетік білемін  деп қалдыңыз. Басқасын  қайдам, өткен ғасырдың басында «елім,  жерім» деп ұрандап өткен,сол үшін құрбан  болған алаш арыстарының тарихына, олардың жасаған  бағдарламаларын назарға алдыңдар ма?

Әлбетте. Алашорда,  Алаш үкіметінің бағдарламаларын зер  салып танысып шықтық. Онсыз бола ма? Жалпы бізде бұрынан  дала демократиясы деген болды емес пе? «Қасымханның қасқа  жолы», «Есімханның ескі жолы» Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» атты қазақтың әдет-ғұрып заңдарының жинағы болғаны баршамызға  белгілі. Бұлардың бәрімен таныспыз. Ал біздің партияның жарғысымен алдағы уақытта таныса  жатарсыздар. Біз тек халықтың сөзін сөйлейтін, халықтың мәселесін шешетін, мемлекетіміздің  дамуына, өркениетке қосылуына, өзге алып елдермен тең дәрежеде сөйлесе алуына мұрындық болатын  партия боламыз деген ойдамын. 

 

– «ХАҚ»  биліктің   кезекті жобасы   деген сөз жиі айтылып қалуда. Бұған  не дейсіз?

Не  деймін?  Күлемін де  қоямын. Егер  расында солай болса,  біздің шабылып жатумыздың  қажеті қанша? Бәрін өздері жасап,  қол жинап, партияны тіркеп әкеліп берер еді. Көріп  тұрсыз, бәрі керісінше. Бәрін өзіміз жүгіріп жүріп жасап жатырмыз. Тіпті  мені, Бекболат Тілеуханның келіні болғандықтан, артында сол кісі мен соның  тобы тұр дейді. Жалпы «анау тұр, мынау тұр» дейтіндер көп. Кімнің аузына қақпақ  боласың. Айта берсін. Менің өз жолым бар. Ол күрескерлік жол. 

 

– Еліміздің   саясат сахнасында    соңғы кезде жаңа бір  құрылым пайда болды. Ол – Ұлттық  қоғамдық сенім кеңесі. Сол кеңес қазір  халықпен билік арасындағы дәліз болуға талпынып  жатыр. Ұлттық кеңеске деген көзқарасыңыз қандай?

Қасым Жомарт  Тоқаевтың президент  орынтағына отырған соң құрған кеңесі ғой.   Әрине ол топқа әр салада жүрген білімді, білікті танымал  азаматтар енген. Оған дау жоқ. Бірақ бұл азаматтар елдің ойындағысын  билікке жеткізіп, оны шешу үшін өз ұсыныстарын айтқанымен, ары қарай барлық  проблеманы шешіп тастайтындай құзыры жоқ. Олай болса мұндай кеңестің қажеті қанша?  Демек бұл басы артық құрылым. Бұдан гөрі мәслихаттың, парламенттің жұмысын жандандыру керек. Депутаттардың белсенділігін арттыру қажет. Негізі халықпен билік арасындағы  дәліз осылар болуы тиіс еді. Егерде парламент және мәслихат депататтары белсенді болып, халықпен тығыз жұмыс жасаса, көптеген түйткілді мәселелерді дер кезінде көріп, жедел  шешуге тырысып жатса елдегі жағдай басқаша болар еді. Амал қанша, бізде бәрі керісін ше? Содан болар президент амалсыз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, халыққа жақын болғысы  келеді. Бірақ парламенттей пәрмені жоқ кеңес, ара — тұра бас қосып, «күл төбенің басына күнде кеңес» қылғаннан артық тірлікке бара алмайды. Демек бұл құрылымның халық үшін пайдасы шамалы. 

Сұхбаттасқан: Ш. Қаған