Жуниор Кабананга: Жеңіске лайық ойын көрсеттік
«Астана» футбол клубы Жуниор Кабананганың алматылық «Қайрат» қақпасына соққан қос голының арқасында Қазақстан Суперкубогының иегері атанды.
Жуниор ойын соңында клубтың баспасөз қызметіне матч туралы өз пікірімен бөлісті:
— Біз бүгін жеңіске лайық ойын көрсеттік. Дегенмен, екі команда ойыншылары да қызуқандылық танытып, жеңіске жеткісі келді. Әсіресе «Қайрат» өз жанкүйерлері алдында аянып қалған жоқ. Өте тартысты ойын өрбіді. Бірінші соғылған голдан кейін, біз сенімділік жинап, ойынды толықтай бақылауға алдық.
— Бүгін сіз екі мәрте көзге түстіңіз. «Астана» жанкүйерлері жақсы көретін Кабананга қайта оралды деуге бола ма?
— Кабананга бар болған. Футболда шынын айтсам, өмірдегідей қиын сәттер болады. Мен алаңға тек бір мақсатпен шығамын. Ол командаға жеңіс жолында қолдан келгенді аямау.
— Екінші соққан голыңыздан кейін жанкүйерлер жаққа голды тойлау үшін жүгіріп бардыңыз. Неліктен осындай шешім қабылдадыңыз?
— «Астана» — үлкен бір отбасы. Біз жанкүйерлермен әрдайым біргеміз. Жанкүйерлер менің голымды ұзақ күткендіктен, осы бір қуанышты солармен бөліскім келді. Олар бізді қолдау үшін алыс жолды артқа тастап келді. Мен олар жаққа жүгіріп бару арқылы командаға көрсеткен қолдауына алғыс білдіргім келді.
— Сіздің соққан голдарыңыз кездесу тағдырын шешіп кетті. Өзіңізді Суперкубок аясындағы ойынның қаһарманы ретінде санайсыз ба?
— Бүгін жалғыз Жуниор Кабананга емес, барлық команда жеңіске жетті. Бұл жеңіс — біздің бапкерлер құрамының, клуб басшылығының және де клуб қызметкерлері мен жанкүйерлерінің жасаған жұмысының жемісі.
Дереккөз: prosports.kz/kz