«Қазақстанда бәрі сатылады! Федерация да!» деп айқайлаған волейболшы кешірім сұрады
Талдықорғанда волейболдан өткен әйелдер командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының бірінші турында спортшы ешкім күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.
Телеоператор тайм-аут кезінде «Жетісу» командасын түсіріп жатқанда капитан Алеся Сафронова камераға қарап тұрып «Қазақстанда бәрі сатылады! Федерация да!» деп айқайлады.
Арудың бұл сөздері назардан тыс қалмады. Артынша «Ертіс-Қазхроммен» болған ойынға Алеся қатыспады. Сондай-ақ сол күні спортшы шеттетілгені туралы хабарлады. Бұл ақпаратты бас хатшысы Ермек Сырлыбаев та растады.
«Ұлттық лига шеберлерінің әйелдер командалары арасындағы волейболдан Қазақстан Республикасының ХХІХ Чемпионаты 1-турының негізгі төрешілер алқасы бұл эпизодты атқару комитетінің келесі отырысында қарастыруға, турдың соңына дейін Алеся Сафронованы шеттеуге шешім қабылдады», — деді ол.
Ал волейболшы асығыс жасалған мәлімдемесі үшін кешірім сұрады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Әлбетте, қатты айтқаным үшін кешірім сұраймын. Матч өте тартысты өтті, ал камералардың артында көп нәрсе көрінбейді — қарсыластар бізді үнемі арандатып жатты. Өкінішке қарай, төрешілер мұны көрмейді… Мен ол жерде Қазақстан туралы емес − Федерация туралы айттым. Қазақстанды өте жақсы көремін, құрметтеймін, оған жастық шағымды арнадым — Қазақстан ұлттық құрамасы үшін жанымды бердім. Әлі де қазақ туы үшін күресемін», — дейді Сафронова.