Шерхан атамыздың, Денистің өмірден өтуі еліміз үшін ауыр соққы болды

0

Қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов соңғы жекпе-жегінен соң жанкүйерлеріне алғысын айтып, жеңісін марқұм Шерхан Мұртаза мен Денис Тенге арнайтынын жеткізді, деп жазады Prosports.kz сайты.

20 жастағы боксшы күні кеше Канаданың Монреал қаласында мексикалық Абрахам Хуаресті төртінші раундта нокдаунға түсіріп, жеңіске жетті.  

— Ассалаумағалейкүм, қазақ елі! Бүгін, Алланың қалауымен, өз халқымның қолдауымен әлемдік бокстағы WBC дәрежесі бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткіздік! Сіздердің маған деген дұғаларыңызға, қолдауларыңызға алғысым шексіз! Ең бірінші еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! 2018 жыл қазақ еліне өте ауыр жылдардың бірі болды. Қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртаза атамыздың, қазақтың маңдайында біткен, жарқыраған жұлдызы, патриоты Денис бауырымыздың өмірден өтуі еліміз үшін ауыр соққы болса, Геннадий ағамыздың біз күтпеген жерден жеңілуі қаншама қазақ жанкүйерлерін жылатты. Әрине атамыз Шерхан Мұртаза және патриот Денис бауырымыздың орнын еш амал толтыра алмайды, Алланың ісі. Бұл жеңісімізді сол кісілердің өмірден озуы, Геннадий ағамыздың жеңілуі және елімізде өзге де орын алған қайғылы оқиғадан соң қазақ халқының көз жасына арнаймын! Еліміздің болашағына алаңдайтын қазақ жастарымыз, ағаларымыз барда, ол кісілердің елімізге арнаған еңбегі зая кетпеді деп айта аламын. 2019 — бұл жастар жылы! Еліміздің жастары, мына біздерге еліміз үлкен үміт артуда және біздің мойнымызда таудан ауыр үлкен жауапкершілік бар! Өмір бойы қазақ деп, еліміздің дамуында өмірін қиған атамыз Мұстафа Өзтүріктің «мен спортта чемпион болсам, сендер білім жолында чемпион болуға қызығыңдар» деген сөзі және осыдан 3 ғасыр бұрын қазақ ханы Абылай хан атамыздың «білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда — қапы қалып жүрмелік» деген сөздері қазіргі таңда өте өзекті. Сондықтанда сол өсиеттерді басшылыққа алып, әрдайым білім алуға, елімізді дамытуға, әлемге танытуға ұмтылайық! Шын мәнісінде еліміздің болашақта қандай болуы ол біздің қолымызда, — деп жазды Садриддин Ахмедов Instagram парақшасында.

Осы жеңісінен соң жастар арасындағы WBC чемпиондық белбеуін иемденген Садриддин Ахмедов BoxRec рейтингінде 116 сатыға көтерілді.



prosports.kz