ҚХЛ: «Барыс» «Тракторды» ойсырата жеңді

0
89

2018 жылғы 29 желтоқсан 01:40 129

ҚХЛ: «Барыс» «Тракторды» ойсырата жеңді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордалық «Барыс» клубы құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Челябіде жергілікті «Трактор» командасын ойсырата жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл екі команда үш мәрте кездесіп үлгерді. Алдымен, 18 қазан күні Челябіде «Барыс» «Тракторды» овертаймда 5:4 жеңді. Астанада 1 қарашада өткен ойында «Трактор» клубы овертаймда «Барысты» 4:3 есебімен тізе бүктірді.  Ал 6 желтоқсанда елордалық клуб өз айдынында аталмыш қарсыласын 3:1 есебімен жеңген еді.

Бүгінгі кездесуде «Барыс» ойынды өте сауатты өткізді. Қарсылас команданың шайба соғуына ешқандай мүмкіндік қалдырған жоқ. Екінші кезеңде біздің хоккейшілер небәрі төрт минут ішінде екі шайба соғып кетті. Алдымен 26-минутта Патрис Кормье өз командасын алға шығарса, 30-минутта Дмитрий Шевченко есепті үстемелей түсті. Есеп – 2:0. Үшінші шайба соңғы кезеңде соғылды. Мэттью Фрэттин 51-минутта қарсыластар қақпасынан саңылау тауып, қорытынды есепті белгіледі. Есеп – 3:0.

Осылайша, «Барыс» турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті. Қазір олар 41 ойыннан кейін 58 ұпай жинап, сегізінші орында тұр.

Айта кетейік, «Барыс» бұдан бұрын Астанада үш ойын өткізді. Алдымен 18 желтоқсанда Череповецтің «Северсталін» 3:0 есебімен жеңді.

Одан кейін 20 желтоқсанда Ярославльдің «Локомотивінен» 1:2 есебімен жеңіліп қалса,  22 желтоқсанда Владивостоктың «Адмиралынан» басым болды, есеп – 4:3.

«Барыс» енді 30 желтоқсанда Омбыда жергілікті «Авангард» командасымен кездессе, 2019 жылдың 3 қаңтарында Мәскеуде «Спартак» және 5 қаңтарда Сочиде «Сочимен» шеберлік байқасады. Ал 8 қаңтарда Астанада Хабаровскінің «Амур» командасын қабылдайды.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz