ҚФФ басшысы футбол төрешілерімен кездесті
Қазақстан футбол федерациясының Президенті Әділбек Жақсыбеков маусым алдында футбол төрешілерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Суперкубогы ойыны алдында Қазақстан футбол федерациясының Президенті Әділбек Жақсыбеков және отандық футбол төрешілерінің қатысуымен жұмыс жиыны өтті.
Кездесуде Федерация басшысы төрешілер корпусының барлық өкілдеріне Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастыратын жарыс аясында жұмыс сапасын жақсартуды тапсырды. Ол жаңа маусымда жарыстың барлық деңгейінде төрешілердің спорт талабына жат әрекеттеріне жол бермеу және анықтау бағытында бақылаудың күшейе түсетінін айтты.
Сонымен қатар, Әділбек Жақсыбеков басқосуға жиналғандарға өткен маусымда Премьер-лига талаптарына сай келмеген төрешілерге қатысты Төрешілер комитеті қабылдаған маңызды шешімдерді еске салды. Өткен жылы екі төреші маусым соңына дейін Премьер-лигада төрелік ету құқығынан шеттетілген болатын.
Дереккөз: prosports.kz/kz