Қазақстан баскетболшылары әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Австралияны қабылдайды
Бүгін Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2019 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясында Австралияны қабылдайды деп жазады Olympic.kz.
Кездесу Астана уақытымен 20:00-де басталады. Ал 24 ақпан күні Рустам Ерғалиев бастаған команда өз жерімізде Филиппинге қарсы ойнап, кім мықтыны анықтайды. Тап осы екі кездесуден соң Қазақстан баскетболшыларының Қытайдағы әлем чемпионатына қатысу-қатыспауы нақты белгілі болмақ.
Баскетболдан Қазақстан құрамасы бірде-бір рет әлем чемпионатына қатысып көрген жоқ. Ал 2019 жылғы әлем біріншілігіне Азия аймақтық іріктеу кезеңінде біздің құрама 10 ойынның төртеуінде жеңіске жетіп, F тобында бесінші сатыда келеді.
Егер Қазақстан құрамасы өз жерінде Австралия мен Филиппинге қарсы өтетін матчта ұпай жоғалтпаса, F тобында төртінші орынға көтерілген құраманың әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндігі жоғарыламақ. Ол үшін команда жеңісінен бөлек, Е тобындағы Иорданияның сәтсіз ойын көрсетуі де маңызды болатынын ескертеміз.
Баскетболдан Қазақстан командасының әзірге ең үлкен жетістігі – Пусанда өткен Азия ойындарындағы қола жүлде. Ал 2013 жылы баскетболшыларымыз Азия кубогінде 8-ші орын иеленіп, әлем чемпионатына біртабан жақындаған еді.
Сарапшы Энцо Флохо Қазақстан командасының алдағы екі ойынына болжам жасап, құраманың әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігі қай деңгейде екенін айтты.
«Қазақстан сырт алаңда Филиппинге сес көрсетіп, кейін Жапониядан жеңілді. Алайда, олар әлі жеңіс үшін таласады. Өз жерінде өтетін екі ойында Қазақстан сапына Энтони Клеммонс қосылмақшы. Бұл ойыншы команданы күшейтері сөзсіз. Дегенмен, екі ойын да «дала арландары» үшін оңайға соқпайтынын айткы келеді. Австралия әлем чемпионатына жолдама алғанына қарамастан, соңына дейін шайқасады. Өйткені, чемпионат барысында жақсы топқа түсу үшін барын салады. Филиппин өз жерінде кеткен есені қайтарып, соңғы жолдамаға таласады. Қазақстан жеңіске жету үшін олардың ең маңызды ойыншылары – Рүстем Ерғали, Алексей Жигулин және Антон Быковтар аянып қалмауы керек», — дейді маман.
Еске сала кетейік, баскетболдан әлем чемпионаты 31 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында Қытайда өтеді.
ФОТО: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі
Дереккөз: prosports.kz/kz