Өлімнен аман қалған қақпашы. Петр Чех неге шлем киеді

0
182

Моуриньюдің осынша ашулы болғанын әлі ешкім көрмеген болар. «Бұл неткен сұмдық. Маған кім түсіндіре алады: менің қақпашым жедел жәрдемді қалай 30 минут күтеді?! Оны киім ауыстыратын бөлмеден алып кете алмады, Чехтың өзі де бара алмайтын жағдайда болды. Оған машинаға дейін мүгедектер креслосымен баруға тура келді. Егер күтіп отырғанда қақпашым өліп кетсе, англиялық футболға дұрыстап ойлану керек болар еді», – деп ашуланды Моуринью. Бұл 2016 жылдың қазанында «Рединг» – «Челси» матчынан кейін айтқан сөздері еді.

Бапкердің сезімін бәрі де түсінді. Ойынның басталғаны сол-ақ еді, нәтиже екінші рөлге ауысатыны белгілі болды. 17-секундта «Редингтің» жартылай қорғаушысы Стивен Хант алыстан асырылған пастан кейін допқа ұмтылған. Чех допқа бірінші жетті, бірақ Хант тоқтай алмай, тізесімен қақпашының басына соққы жасады. Басында қорқынышты ештеңе болмағандай көрінді – футболда мұндай қақтығыстар болып тұрады. Бірақ төреші Майк Райли бірден дәрігерлерді шақырды. «Шешімді тез қабылдадым, бір ғана секунд өткен болатын. Әдетте ойыншының аяққа тұрғанын күтеміз, бірақ ішкі түйсігім жағдайдың нашар екенін айтты. Чех орнынан тұрмай жатқан еді», – деді төреші матчтан кейін.

Үзіліс төрт минутқа созылды. Ал Чех аянышты, әлсіз көрінді, төрешінің сұрауымен ол төрт аяқтап алаң жиегіне қарай шықты да, құлай кетті. Қасында «Челсидің» дәрігері Брайан Инглиш болған.

Петрдің орнына қақпаға Карло Кудичини шықты, ал Чех зембілге жатып, трибуна астындағы бөлмеге аттанды. «Челси» өкілдері жедел жәрдем шақырған, бірақ ол ұзақ уақыт бойы келіп болмады. «Фельдшер «Бұл жәй ғана жеңіл соққы. Жедел жәрдемнің керегі жоқ» деп айтып жатқанын әріптесім естіп қалыпты. Матч басында стадионда жедел жәрдем бригадасы болған, бірақ олармен байланысы алмадық. Сөйтіп, «Челси» тағы бір жедел жәрдем бригадасының келуін талап етті», – дейді Инглиш. Оның санауы бойынша, жедел жәрдем машинасы 27 минуттан соң келген. Кейін «Челси» «Рединг» пен SCAS-ты (жедел медициналық көмек қызметі) ұйымшылдықтың жоқтығына байланысты айыптады.

Чехты мүгедектер креслосына отырғызып, кейін ол Беркшир патшалық ауруханасына жеткізілді. Тексерістен соң, бас сүйегінің сынғаны анықталды: сынық миға бес миллиметрге жылжыған – бұл одан да қауіпті салдарға алып келуі мүмкін еді. Түнгі бірде Чехты Оксфордтағы Radcliffe Infirmary ауруханасына ауыстырып тастады. Ота барысында хирургтар сүйектің үлкен сынықтарын алып тастап, орнына металл пластиналар қойды.

Чех тірі қалды.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жарақаттар көбіне автокөліктер апатынан соң болады. Чех мүгедек болып қалуы, тіпті, өліп кетуі де мүмкін еді.

***

Чехтың орнына шыққан Кудичиниге де ойынды ерте аяқтауға тура келді. Ол «Рединг» шабуылшысымен соқтығысып, есінен танып қалған – соңғы минуттарда «Челсидің» қақпасын қорғаушы Джон Терри күзетті. Осылардың бәріне қарамастан «Челси» үш ұпай олжалады.

Чехтың басынан соққы жасаған Хант та драманы бастан өткізді. Сол күні ол ұзақ уақыттан бері алғаш рет негізгі құрамда шыққан: ойын алдында оның басты бәсекелесі Бобби Конви жарақаттанған еді. «Матч мен үшін маңызды болды. Сол үшін тым қатты тырысып жіберген шығармын», – дейді Хант ойыннан кейін.

«Челси» жанкүйерлері Хантты сол сәтте жек көріп кетті, тіпті, оны қанішер деп те атады. Хантқа футболшылар да тұра ұмтылды: «Ертегі айтпай-ақ қойыңыздар, бұл жазатайым оқиға емес, – деп қаһарланды Дидье Дрогба. – Хант қақтығысқа бара жатқанын білді, соқтығысудан қашуға да ұмтылмады. Ең жаманы – Петрді алаңнан алып бара жатқанда, Хант күліп тұрды. Мені параноик деп ойламаңыздар, бірақ көбі «Челсиді» жек көреді және бізді жеңу үшін барын салады».

Хант та бұл оқиғаның жоспарлы болмағанын айтты: «Сол эпизодқа байланысты өкінемін бе? Жоқ. Себебі, өкінетіндей ештеңе жасамадым. Сол оқиғаның болмағанын қалаймын ба? Әрине. Кейін Чехқа бар жақсылықты тілеп, хабарлама жібердім. Кездескен сайын сөйлесіп тұрамыз. Ол нағыз джентельмен».

Хант қақпашының ауыр операциядан шыққанын білген де жоқ. Кейін кешкі ас кезінде оған қоңырау шалынды: «Өз ойыным үшін іштей мақтанып отырғанмын. Кейін бапкерім хабарласты… Ол маған бәрін айтып, «Салың суға кетпесін» деді».

Чех үш ай бойы емделді. Басында басы қатты ауыратын, кейде тіпті қозғала да алмай қалады. «Дәрі көмектесті, бірақ кей күндері бір нәрсемен айналысуға әлім де болмайтын, – дейді қақпашы. – Тіпті, теледидарды бес минуттан артық қарай алмадым». Чехтың айығуына невролог пен нейропсихолог көмектесті. Түрлі хаттар да оның көңіл-күйін көтерді: алғашқы айларда жанкүйерлер мен Премьер-лига қақпашылары оған хатты бірінен соң бірі жіберген.

Алдымен, Чех жарақаттың кесірінен қатты ашуланды. Қақпашы алаңға тезірек шығуға асыққан, бірақ кейін ашуын басып, дәрігерлердің айтуы бойынша ем қабылдады. Кейін Аdidas-тың директоры Фрэнк Вайгльдің бастауымен, компания Чехтың 3D-сканын жасап, оған арнайы шлем жасап берді.

Емнен кейінгі алғашқы жаттығуларда Чех қатты шаршап қалатын – ертеңіне төсегінен қиындықпен тұратын еді. 2017 жылдың қаңтарында жарақаттан кейін алғашы матчын өткізіп, «Ливерпульден» 0:2 есебімен ұтылды. Чех ұзақ уақыт бойы шлемге үйренісе алмады: «Түк те кимей ойнау ыңғайлырақ, бірақ маған рұқсат бермеді. Шлем кисем естуім нашарлайды, себебі ол құлақты қымптап жауып тастайды».

Бірақ кейін қақпашы оған үйренісіп алды, тіпті, басында жек көрген бұл шлем оның символына айналды. Шлем таққан футболшыны көрген жанкүйер бірінші болып Чехты еске түсіреді. Осындай ауыр сынақтан өткен Петр кейін Англия Премьер-лигасын да, Чемпиондар лигасын да жеңіп алды.

Енді осы аптада аңызға айналған қақпашы маусым біткен соң мансабын аяқтайтынын айтты. Батылдықтың үлгісі болған голкипер енді қолғабы мен шлемін қабырғаға іліп қоймақ…



prosports.kz