Норвегиялық турист Балқаш көлін шаңғымен кесіп өтті

0

 

Норвегиялық саяхатшы Уильям Бихолт бетін мұз басқан Балқаш көлінің үстін шаңғымен 23 күнде кесіп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Оның Қазақстанға сапарына Қазақ география қоғамы демеушілік жасады.  Қоғам қызметкерлері Уильямге қажет жерде техникалық немесе ақпараттық қолдау көрсетіп отырды.  Олар жиһанкезбен жерсерік байланысы бар телефоны арқылы үнемі хабарласып отырған. Саяхатшының өзі Қазақстанға келуді жарты жылдан бері жоспарлаған. Сапарын бастамас бұрын ақпарат іздегенде, Балқаш көлін бұрын-соңды шаңғымен ешкім кесіп өтпегенін анықтаған.

Уильям Бихолт Балқашқа шаңғысымен қатар, мұзда таймайтын арнайы аяқ киім алып шыққан. «Қазақ география қоғамы» қоғамдық ұйымының жобалар бойынша менеджері Мағжан Сағымбаевтың айтуынша, экспедиция барысында ең қиыны спортшыны көлге шейін жеткізу болған. Себебі көлдің өзіне шейін тіке баратын жол салынбаған. «Жол бойында ол бірде бір елдімекенге соқпады, дүкендерге кірмеді. Судың да, азығының да да қорын толықтырмаған. Оқыс жағдайдан сақтану үшін онымен спутник байланысы арқылы хабарласып отырдық», — деді Мағжан Сағымбаев.

Норвег спортшысы 2010 жылдан бастап экстремалды саяхатпен айналысып келеді. Ол әлемнің 79 елінде болған. Көбінесе адам аяғы баспаған бейтаныс жерлерге сапар шеккенді ұнатады. Еске сала кетсек, норвегиялық саяхатшының шаңғымен Балқаш көлінің мұз, қар басқан 570 шақырымын кесіп өту жөніндегі экспедисияның бір күні жайлы бұған дейін жазған болатынбыз.

Қазақ географиялық қоғамының хабарлауынша, Уильям Бихолт тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет жалғыз өзі Балқашты шаңғымен кесіп өткен адам болды.



Дереккөз: prosports.kz/kz