Манюрова: Біздің басты мақсатымыз — Астанадағы әлем чемпионатында жанкүйерді қуанту
Биыл Астанада тұңғыш рет күрес түрлерінен лицензиялық әлем чемпионаты өтеді. Қыркүйек айына жоспарланған әлемдік дода қазақ елінің балуандарына да үлкен жауапкершік артып отыр. Өз жеріміздегі турнирден жолдама иеленіп, медаль тағуды кез келген спортшының армандайтыны сөзсіз. Осы орайда, федерацияның вице-президенті Гюзель Манюрова ҰОК баспасөз қызметіне сұхбат беріп, команданың қазіргі қарқыны мен күрестегі өзгерістер туралы аз-кем әңгімеледі.
— Жыл басталысымен еліміздің Спартакиадасы аяқталып, Болгарияда халықарлық турнир өтті. Аталған жарыстардан соң қандай да бір қорытынды шығардыңыздар ма?
— Шымкентте күрес түрлерінен ел Спартакиадасын өткіздік. Бұл жарыс ең бірінші кезекте жастардың бой көрсетуімен есте қалады. Өйткені, финалда күрескен жас спортшылардың қарасы көп болды. Академияның ашылғанына бір жыл толды. Осы аралықта жас балуандардың біршама алға басқанын байқадық. Біздің алдымыздағы басты бәсеке – Астанада өтетін әлем чемпионаты. Бар күш-жігерімізді сол сынға бағыттап жатырмыз.
— Әлем біріншілігіне қатысатын спортшыларды таңдауға әлі де ерте. Дегенмен, балуандарды қалай іріктейсіздер?
— Лицензиялық әлем чемпионатына дейін әлі біраз уақыт бар. Дүниежүзілік қауымдастық бекіткен ереже бойынша бірнеше халықаралық жарыстарға қатысамыз. Одан бөлек, Азия біріншілігі күтіп тұр. Әлем чемпионатына қатысатын құрамды сары құрлық додасынан соң анықтайтын болармыз. Өз жерімізде әлемдік додаға қатысып, ел намысын қорғау да, оның ұйымдастыру да оңай емес екендігін ұмытпаған жөн.
— Болгариядағы халықаралық турнир аясында ұйымдастыру комитетінің отырысына қатыстыңыз. Қандай құнды мәліметтер айтылды?
— Ұйымдастыру комитетінің отырысынан көп нәрсені біліп қайттым. Бұрын әлем чемпионатын өткізу үшін соншалықты күш салу керектігін түсінбеген екенмін. Әлем біріншілігін өткізу оңай шаруа емес. Бұл көптеген құрылымдардың бірлесе атқаратын жұмысы. Сондықтан, Астанада өтетін әлемдік доданы спортшылар ұйымдастыру қызметінің мінсіздігімен есте сақтайды деп үміттенемін.
— Әлем чемпионатында Токиодағы ойындарға жолдама алу мүмкіндігі бар ма?
— Әрине, мүмкіндік қашан да бар. Қыздарымыз Астанадағы әлемдік сынға ерекше қарқынмен дайындалуда. Олар жанкүйер алдында жерге қарағысы келмейді. Барлығы спортшының сол сәттегі бабына, оның жаттығуға қаншалықты күш жұмсағанына байланысты. Сәттіліктің де рөлі үлкен екенін ұмытпаған жөн.
— Астанадағы ірі спорттық жарысқа дайындық қалай өтуде?
Чемпионатқа дайындық бірнеше кезеңге бөлінген. Оның ішінде жалпы физикалық дайындық, кілемдегі арнайы жаттығу жұмысы, сондай-ақ, тактикалық, психологиялық тұрғыдағы дайындық бар. Бұйырса, биылғы маусымдағы көрсеткіштеріміз жақсара түсіп, халықаралық сындарда құр қол қалмаймыз деп ойлаймын.
Фото Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі
Дереккөз: prosports.kz/kz