Конрад Вржещиньский — «Қайрат» ойыншысы

0

«Қайрат» футбол клубы жартылай қорғаушы Конрад Вржещиньскиймен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды prosports.kz.

Бұл туралы алматылық клубтың баспасөз қызметі жазды. Келісімшарт 2 жыл мерзімге жасалды.

Конрад Вржещиньский — Сокулка қаласының «Сокул» футбол клубының түлегі. Кәсіби мансабын варшавалық «Полония» командасында бастаған. Содан кейін Конрад Люблиннің «Мотор» командасына ауысты.

Ал 2014/15 жылғы маусымда Конрад Лодзь қаласының «Видзев» клубында доп тепті. Польша екінші лигасында 31 матчқа қатысып, екі гол соқты. Әрі осы жылы өз елінің жастар құрамасына шақыртылды. 

Осыдан кейінгі екі жылда Конрад Польша екінші лигасында бақ сынайтын Седльцетің «Погонь» клубында өнер көрсетті. Онда 59 матчқа қатысып, 8 гол соқты.

Футболшы «Қайратқа» ауысқанға дейін «Заглембе» командасының (Сосновец) намысын қорғады. Осы команда сапында алғашқы маусымда 33 ойынға қатысып, командасының жоғары дивизионға жолдама алуына көмектесті. 

Конрад Вржещиньский

Туған күні: 1993 жылғы 10 қыркүйек
Биіктігі: 177 см
Салмағы: 65 келі
Позиция: жартылай қорғаушы
Азаматтығы: Польша



prosports.kz