Карими мен Мусаев әлем кубогының финалына өтті

Австралияның Мельбурн қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан әлем кубогы кезеңінде екінші жарыс күні аяқталды. Бүгін екі спортшымыз финалдық бәсекеге жолдама алды деп хабарлайды Olympic.kz.
Милад Карими керме снарядындағы жаттығуда 5-ші орын алса, қол тіреп секіруден 6-шы орын иеленді. Бұл оның финалда өнер көрсетіне жеткілікті көрсеткіш.
Аким Мусаев гимнастикалық қоссырықтағы жаттығудан 7-ші орын иеленді. Кеше Мусаевтың ат снарядында үздік бестікке еніп, финалға өткенін айта кеткен жөн.
Сондай-ақ, қыздар құрамасының мүшесі Аида Бауыржанова еркін жаттығудағы іріктеу сынында 8-ші орын иеленіп, финалдға жолдама алып отыр.
Ақтық сында Милад Карими керме мен қол тіреп секіруден, Аким Мусаев ат пен гимнастикалық қоссырықтан, Аида Бауыржанова еркін жаттығудан жүлдеге таласады.
ФОТО: Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі
Дереккөз: prosports.kz/kz