Ирандағы үздіктер додасынан алтын алу мен үшін үлкен мәртебе

0

Иранның Киш аралында таеквондодан ірі рейтингілік турнир аяқталды. Екі турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының мүшесі Смайыл Дүйсебай алтын және күміс жүлде иеленген болатын. ҰОК баспасөз қызметіне берген сұхбатында спортшы Олимпиада қарсаңындағы жарыстардың маңыздылығын түсіндіріп, лицензия иелену мүмкіндігін бағалады.

— Алдымен Ирандағы таеквондо деңгейіне тоқталып өткім келеді. Иран таеквондодан әлемде үздік үштікке енетін мемлекет. Мұндағы спортшылардың шеберлігі өте жоғары, бәсекелестік деңгейі биік. Сол себепті, Ирандағы жарыста жүлде алу мен үшін үлкен мәртебе.

Токио Олимпиадасы қарсаңында барлық спортшының алдында ұпай жинап, лицензия алу міндеті тұр. Жыл басталғалы бері бірнеше халықаралық турнирлер өтті. Маусым соңында рейтингтегі үздік бес спортшы Олимпиадаға жолдама алады. Қазір барлық таеквондошылар жолдама үшін жанталасуда.

Ирандағы турнирге тоқталар болсам, Киш аралында екі үлкен бәсеке өтті. Бірінші Президент кубогі додасына қатыстым. Бұл таеквондо әлеміндегі ірі додалардың бірі. Бес кездесу өткізіп, финалдық сында жеңіліс таптым. Десе де, күміс медаль рейтингте бағалы ұпайға айналары сөзсіз.

Президент кубогінің тағы бір ерекшелігі – ұпай жинау лимитін алып тастағанында. Мысалы, таеквондода спортшылар бір маусымда 40 ұпайдан артық жинай алмайды. Ал мұндай 20 ұпайға дейін мүмкіндік беріледі.

Екінші жарыс Fajr Open деп аталады. Бұл сында төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеттім. Сәтін салып, осы жолы сапарымыз оңынан болды. Командаластарыма, бапкерлеріме алғыс айтқым келеді. Енді елге қайтып, дереу жаттығуға кірісеміз. Ешқандай үзіліс, демалыс алу ойымызда жоқ. Біздің алдымызда Германияда өтетін бір ғана халықаралық турнир қалды. Сол бәсекеден соң Манчестер қаласындағы әлем чемпионаты күтіп тұр. Бар жігерімізді әлемдік сыннан жолдама мен жүлде алуға саламыз, — дейді Смайыл Дүйсебай.

Еске сала кетейік, Смайыл Дүйсебай 87 келі салмақтағы еліміздің үздік таеквондошыларының бірі саналады.



Дереккөз: prosports.kz/kz