Еркін күрестен Қазақстан құрамасы ОЖЖ өткізді
Еркін күрестен Қазақстан командасы Алматы облысындағы АІВА базасында бірлескен оқу-жаттығу жиынын аяқтады деп хабарлайды Olympic.kz.
АІВА академиясында өткен жаттығу жиынына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь және Литва ұлттық құрамалары қатысты.
«Шымкенттегі ел Спартакиадасы аяқталған бетте-ақ жаттығу жиындарын бастап кеттік. Жиынға бес ел спортшылары қатысып, балуандар бір-бірімен тәжірибе алмасты. Жыл басында шетелдіктермен бірлесіп дайындық өткізу спортшылар үшін де қолайлы. Болашақ қарсыластарының қыр-сырын біліп, шеберліктерін арттыра түседі. Енді біз Болгарияда өтетін халықаралық турнирге аттанамыз», — дейді еркін күрестен команда бас бапкері Әсет Серікбаев.
Еске сала кетейік, күрес түрлерінен Қазақстан командасы 27 ақпан — 4наурыз аралығында Болгарияның Русе қаласында өтетін «Dan Kolov-Nikola Petrov» турниріне қатысады.
Дереккөз: prosports.kz/kz