Ең қарапайым футболшы. Нголо Канте туралы не білесіз
Әлемдік футболдағы ең қарапайым ойыншы кім деп ойлайсыз? Әркімнің жауабы әр түрлі шығар, бірақ басым бөлігі Нголо Канте деп жауап берер. Қашан да күліп жүретін жартылай қорғаушыны жек көретін жанкүйер жоқ шығар, бәлкім. Бұлары бекер емес…
Кантенің алғашқы матчында қақпашы жеңіс голын соққан
Кантенің кәсіпқой мансабы 2012 жылы мамырда басталды. «Булонь» маусым бітпей жатып үшінші дивизионға ұшып кеткен, сондықтан, бас бапкер Нголоны алаңға жіберіп, ол «Монакоға» қарсы ойынның 11 минутын өткізді. Бұл ойында Кантенің командасы жылдам гол соққан, бірақ жеңіліп қалды. Жеңіс голын кім соқты дейсіз ғой. «Монакоға» жеңісті қақпашы Даниэл Субашич сыйлады. Голкипер айып соққысынан көзге түсті.
Кантенің табысы оның туған клубына микроавтобус сыйлады
Сюрен – Париждің маңындағы шағын қалашық. Жергілікті клубта 10 жасар Канте футболдағы сапарын бастаған. Бұл команда 9-шы дивизионда ойнаса да, 80 жылдық тарихы бар. «Бізден кәсіпқой футболшы болып шығу қиын, бұл лоторея ұтысын жеңіп алғанмен бірдей», — дейді Кантенің алғашқы бапкері Петр Войтина. Кантенің әлемге танымал футболшы атануына себепші болғандар – осы Войтина мен Томаш Бжимек. Екеуі әлі де болса «Сюренде» жұмыс істеп келеді. Олар Кантенің арқасында клуб біршама байып қалғанын да жасырмады.
Кішкентай ғана әуесқой команданың киім ауыстыратын бөлмесі Канте жайлы жазылған газет мақалаларына толы. Ол – «Сюрен» үшін нағыз мақтаныш. Кантенің «Канға» ауысуы әуесқой клубқа 8 мың еуро, ал «Лестер» сапына көшуі 240 мың еуро алып келді. Клуб басшылығы сол үшін арнайы жиналыс өткізген, себебі бұған дейін осынша көп қаржымен жұмыс істемеген болатын (есепшотқа бірден жылдық бюджетке тең қаржы түсті). Сөйтіп, бір-екі микроавтобус сатып алып, бапкерлік штабқа кәсіби мамандарды шақыру туралы шешім қабылданған. Нголо «Челсиге» ауысардың алдында «Сюрен» басшылығы жаңа қаржыны қайта жұмсаймыз деген ойда қалды.
…Нголо Кантенің өзі ақшаға ешқашан құмар болған емес. Бұл туралы Джейми Вардидің кітабында жазылған. Француз бірде жаттығуға кешігіп қалған, клубтың айыппұлдар жүйесіне сай, ол 100 фунт төлеуі тиіс еді. Ол кезде Нголо ағылшын тілін толық меңгермеген болатын. Сондықтан ойыншы не үшін 100 фунт төлеуі керек екенін толық түсінген жоқ. Кейін Канте айналадағы адамдарға салмақты сұрақ қойды: «Африкада адамдар аш жүрген кезде осынша соманы қалай беремін?». Сөйтіп, ол бұл ақшаны қайырымдылыққа жұмсауды ұсынды.
Канте мен қымбат көліктер
Вардидің айтуынша, Канте басында жаттығуға дейін жаяу келуді жоспарлап, автокөлік туралы ойламаған да. Джейми премьер-лигада бұлай жүруге болмайтынын түсіндіріп, көлік сатып алуды ұсынған. Кейін Нголо Mini сатып алып, оны қатты мақтаныш тұтқан.
Оның командаластары жаттығуға спорткарлармен келіп жатқанда, Нголо рюкзагын арқасына іліп алып, скутермен жететін. Кейін анасы оған кеңес берген, ол баласына көлік сатып алу керек екенін айтқан. Сөйтіп, Нголо жаңа көлік алмаса да, бірнеше жыл ұсталған Renault сатып алды.
«Ол матч біткен соң, үйіне қайтар жолда марафон жүгіріп өтіп, кейін достарымен доп тебуге кететін»
Кантенің анасы тазалаушы болып жұмыс істеп, 9 баланы тәрбиелеген. Нголо 11 жасқа келгенде оның әкесі дүниеден өтті. Анасына қарап, Канте де еңбекқор болып кеткен шығар. Оның бұрынғы командаластарының бірі Кантені былай деп сипаттаған еді: «Ол матч біткен соң, үйіне қайтар жолда марафон жүгіріп өтіп, кейін достарымен доп тебуге кететін».
Ал Варди былай дейді: «Жаттығу кезінде допты ұстау бойынша жаттығу болатын. Он бір ойыншы екі адамды қоршап алып, оларға допты бермеуі тиіс. Канте ішке түсіп, допты тартып алумен айналысу үшін пас беру кезінде әдейі қателесетін. Оған бұл қызық көрінді».
Оның тек футболмен ғана өмір сүретінін бұрынғы әріптестері де айтады. Бірде оған «Сюренде» ойнап жүрген досы екі аптаға қонақтап келеді. Ол Нголоның сол өміріне қарап, қатты шошыған: Англияда осынша іші пыспаған болар! Себебі оның атақты досы тек жаттығу жасайды, ұйықтайды… болды. Түнгі клуб немесе мейрамхана дегенге мүлде бармайды.
Канте өзін Франция құрамасының деңгейіне сай емеспін деп санаған
Канте Франция құрамасы сапында 2016 жылы 29 наурызда, өзінің туған күнінде дебютін өткізді. Туған күнге сыйлық тамаша болды: француздар Ресей құрамасын 4:2 есебімен жеңіп, Нголо гол соқты. Бір қызығы, ең басында жартылай қорғаушы ата-анасының ұлты бойынша Мали құрамасында ойнауды ойлаған. Сол кезде «Лестердегілер» Франция құрамасынан бас тарту ақымақтық екенін түсіндірген. Бірақ Кантеде қорқыныш болды: ол өзін Дешам командасының жоғары деңгейіне сай келмейтіндей сезінді.
Кантеге ешкім сенген жоқ. Ал ең қатты сенбеген адам – өзі
Канте өзін осынша әлемдік деңгейде ойнаймын деп санамаған. Нголо мен оның «Булоньдағы» әріптесі Эрик Ванденебель екеуі бірде Еуропа лигасының матчын тамашалап отырған. Эрик Нголоға қарап: «Бір күні сен де осындай матчта ойнайсың» деп айтады. Канте сәл жымиып, қолын сілтей салды: «Қойшы! Еш мүмкіндігім жоқ!».
Келесі күзде Эриктің сөзі шынайылыққа айналады деп кім ойлаған. Францияның бес клубы Кантені қатарына қосудан бас тартып, бәрі аласа бойлы футболшыға күменмен қарады. «Лестердің» бас бапкері Клаудио Раньеридің өзі Кантені премьер-лигаға дайын деп санаған жоқ. Тек Рияд Марез бен Джейми Вардиді әлемдік деңгейге алып шыққан скаут Стив Уэлш қана соңына дейін барып, Кантені клубқа қосқан. Кантемен екі күн жұмыс істеген Раньери Уэлшке келіп, «Мені енді ешқашан тыңдама. Не айтып жатқанымды кейде өзім де білмеймін» деген.
Міне, осындай қарапайым жігіт бүгінде Англияның екі дүркін чемпионы, Англия кубогының иегері, АПЛ-дің үздік ойыншысы, Францияның жыл футболшысы атағына қол жеткізді. Ал былтыр Франция құрамасымен бірге әлем чемпионы атанды. Осы жетістіктің бәріне қарамастан, супержұлдыз әлі де болса қарапайымдылық қасиетін сақтап қалды.