Екі балуанымызда да жеңіске жететін мүмкіндік болды

0

Парижде дзюдодан биылғы маусымның беташар турнирі – Grand Slam додасы мәресіне жетті.  Әлемнің 97 мемлекетінен 570 спортшы қатысқан бәсекеде қазақ спортшылары жүлдесіз қалған жоқ. Ерлер арасында екі балуанымыз финалға шығып, күмісті қанағат тұста, қыздар арасынан бір қолаға қол жеткіздік. 

Дзюдодан Қазақстан ерлер командасының бас бапкері Айдын Смағұлов ҰОК баспасөз қызметіне екі бірдей балуанымыздың финалда жеңілу себебін түсіндіріп, қай тұстан қателік кеткенін айтты. 

«Париж татамиінде біздің екі спортшымыз – Елдос Сметов  (60 келі) пен Ислам Бозбаев (90 келі) ақтық сынға дейін сүрінбеді. Мұндай ірі турнирде екі дзюдошымыздың финалға шығуы үлкен жетістік. Шешуші белдесуде жеңіске жететін мүмкіндік екі балуанымызда да болды. Алайда, аздап төрешілердің салқыны тиді. Негізі, екі алтынның да бұйырмай кеткенін айтқым келеді. Екеуі де керемет күрес көрсетті.

Әсіресе, Сметовтің талпынысын айтқым келеді. Наохисаға кеше есе жіберді. Бірақ бұл жеңіліс Олимпиада алдында үлкен сабақ болары сөзсіз. Алдағы уақытта бұл сәтсіздік Елдосты қамшылайтынына сенемін.  Ал Ислам Бозбаевтың финалдағы қарсыласы оңай берілетін балуан емес. Әлем чемпионы деген атағы бар спортшы. Ислам бар күшін салды. Бұл медаль олимпиадалық рейтингте ұпайға айналатынын, сол себепті, екі күмістің орны ерекше екенін тағы да ескерткім келеді», — дейді Айдын Смағұлов.

Бас бапкер ұлттық құрамадағы талантты спортшылар Ерлан Серікжанов (66 келі) пен Дидар Хамзаның (81 келі) Париждегі аяқ алысына да тоқталды. 

«Былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері саналатын Ерлан Серікжанов өте сылбыр күресті. Сондықтан, оның жеңілу себебі де түсінікті. Ал Дидар ресейлік Алан Хубецовпен өткен белдесуде ұтылды деуге аузым бармайды. Себебі, гонг үні естілген кезде ол шаршағаннан құлады. Бірақ төреші мұны ұпайға қосып жіберді. Төрешінің шешімімен дауласуға болмайды. Алдағы уақытта Дидар есесін қайтарады деген үміттемін», — дейді бапкер. 



Дереккөз: prosports.kz/kz