Дениссіз өткен жарты жыл

0
92

Тура 6 ай бұрын…. Сағат тілі 6-ны көрсетіп тұрғанда мұзбалағымыз өмірден өтті. Денис Теннің қазасын бүкіл ел зор күйзеліспен қабылдап, қайғыдан қан жұтты. 

Әне-міне дегенше жарты жыл да өте шыға келді. Ел Денистің бұл өмірмен қоштасқанына көнді. Күдіктілер ұсталып, жазасын алды.

Алматының қақ ортасында көлігінің айнасын ұрлағандар Денистің оң жамбасынан ауыр пышақ жарақатын салып, күре тамырына зақым келтірген. Ауруханаға жеткізілген Денисті дәрігерлер аман қалып қала алмады.

Күдіктілер дереу ұсталды. Арман Құдайбергенов және Нұралы Қиясов есімді екі жас жігіт 30 мың теңгенің айнасы үшін адам өлтіріп, қан арқалады.

Міне, арада жарты жыл өткенде сот ісі аяқталды. Денистің өліміне себепші болғандар 18 жылға түрмеге тоғытылды.

Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен Денистің жоқтығы әлі күнге сезіледі. Алайда Денистің есімі мәңгі ел жадында болатыны күмәнсіз!

Қош бол, Денис!

Күн де міне қызарып тұр алғызыл,

Әрбір жерден естіледі әр қыжыл…

Арамыздан сен де кетіп барасың,

Сырғанаудың саңлағы жалғыз ұл…

Қапылыста жемтік болып қасқырға,

Сұм ажалға құшағыңды аштың ба?

Қара мұзда сырғанаушы ең мәз болып,

Нең бар енді қара жердің астында?

Жүректерден мұз боп бүгін ерисің,

Көк туыңды желбіретем демейсің.

Ұлтың өзге болғанымен қазақтың,

Ұлы едің арда туған Денисім.

Жоқтауымен айтып жатыр айдын ән,

Қара бұлттың қабағынан қаймығам.

Ботадайын боздап жатыр боз дала,

Қарағанды қан жұтады қайғыдан.

Келер ұрпақ жыр ғып айтар бір күндер,

Ұл едің ғой өр қазақты ұлтым деп.

Обалыңа қалды-ау сірә қайтейін,

Іштен шыққан шұбар жылан шіркіндер….

Қош бол енді біздің батыр баламыз,

Бір Алладан иман сұрап қаламыз.

Жанкүйер боп отырушы едік қой,

Жаназаңа қалай ғана барамыз?

Атың сенің болар бізге әлі аңыз.

Сені жоқтап жатыр міне бар халық,

Сарғаюда Сарыарқадай даламыз….

Қош бол енді біздің Денис баламыз!

Айнұр Жаппарқұлова

«Мұз үстінде құламаған алтынды, Қара жерде құлаттық»



prosports.kz