Бұйыртса, биыл Америкада жекпе-жек өткіземін
Кәсіпқой бокстан екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы Фируза Шарипова Prosports.kz тілшісіне эксклюзивті сұқбат берді.
– Фируза, қал-жағдайыңыз қалай?
– Рақмет. Бәрі жақсы. Жаттығудан кейін демалып жатырмын.
– Шаршы алаңға қашан ораласыз?
– Бұйыртса, наурыз айында. Қазіргі таңда, менеджерім келіссөз жүргізіп жатыр.
–Қарсыласыңыз анықталған жоқ па?
– Әзірге жоқ.
– Жекпе-жек Қазақстанда өтуі мүмкін бе?
– Иә, мүмкін. Қазір менеджерім сол мәселені шешуде.
– Жалпы дайындық қалай өтіп жатыр? Жарақатыңыз жоқ па?
– Жарақатым жоқ. Жаттығуда аянбай, еңбек етіп жүрмін.
– Сізбен жұдырықтасуы тиіс болған Ева Вальстрем жақында Кэти Тейлормен кездесу өткізген болатын. Бұл айқасты көрдіңіз бе?
– Иә, көрдім. Бірақ олар басқа салмақ дәрежесінде жұдырықтасты. Ева Вальстрем өзінің WBC белбеуін сақтап қалды, онымен әлі де кездесуіміз мүмкін. Бірақ бәрі қаржыға тіреледі. Біз Еваны Петерборға әкелген болатынбыз, тіпті «face to face» рәсімін өткіздік. Бірақ ақша мәселесіне байланысты бұл жекпе-жек ұйымдастырылмады.
– Сіз ұзақ уақыт бойы Мәскеуде жаттығып жүрсіз. Ресейдегі өмірге үйреніп алдыңыз ба?
– Мәскеуде тұрып жатқаныма үш жыл болды. Әрине, өз үйімді сағынамын. Бұл жерде мен тек жаттығамын. Басқа нәрсеге уақыт та, күш те жоқ.
– «Фируза Шарипова ажырасты» деп естіп жатырмыз. Бұл рас па?
– Иә, бірақ бұл екі жыл бұрын болған нәрсе. Журналистер «мен жаңа күйеу іздеп жүрмін» деп жалған ақпарат таратып жүр. Бұл өтірік. Менің мақсатым – абсолютті әлем чемпионы атану. Алматыда екі рет «Алтын адам» сыйлығына ие болғам, бірақ тілшілерге қызығы менің жеке өмірім. Бұл дұрыс емес.
– Қазіргі таңда әйелдер боксынан гөрі ММА көп сұранысқа ие. Ережесіз жекпе-жекке ауысу ойыңызда жоқ па?
– Ұсыныстар көп. Менің ойымша, ММА қызық болғанымен онда шеберлік аз. Қалай болса да аяқ-қолмен ұрғым келмейді, мен үшін бокс әлдеқайда әдемірек және қызығырақ.
– Онда неліктен UFC чемпионы Аманда Нуньесті жекпе-жекке шақырдыңыз?
– Бокстан жекпе-жек өткізу үшін шақырдым. Қазіргі таңда, менеджерім бұған қатысты келіссөздер жүргізіп жатыр. Шамамен биылғы немесе келесі жылдың соңында Нуньеспен жекпе-жек өткіземіз. Әрине, бокс заңына сай. UFC заңы бойынша ешқашан шықпаймын.
– Қазіргі таңда көптеген боксшыларымыз кәсіпқой рингте өнер көрсетіп жүр.
– Иә, олардың көбісімен сөйлесіп жүрмін. Мадияр Әшкеев, Батыр Жүкембаевты атап өткім келеді. Сондай-ақ, Ержан Залиловтың өнері ұнайды. Данияр Елеусінов те мықты.
– Еліміздің үздік бес боксшысын атай аласыз ба?
– Бірінші орында Геннадий Головкин. Екінші – Данияр Елеусінов. Ары қарай Жәнібек Әлімханұлы, Ержан Залилов және Мадияр Әшкеев.
– Головкиннің Альвареспен өткен екінші жекпе-жегі көңілізден шықты ма?
– Бірінші кездесумен салыстырғанда Канело мықты өнер көрсетті. Головкинге сәл талпыныс жетпеді. Менің ойымша, ол қатемен жұмысты нашар өткізді.
– Төрешілердің шешімімен келісесіз бе?
– Канелоның соққылары дәлірек болды деп ойлаймын.
– Егерде үшінші кездесу өтсе, нәтиже өзгере ме?
– Білмеймін. Менің ойымша, Головкин мінезін көрсету қажет. Себебі Альварес жас, нағыз бабында.
– Кәсіпқой бокстағы қызықтың бәрі АҚШ-та. Америкада жұдырықтасу ойыңызда жоқ па?
– Бұған дейін біз тәжірибе жинадық. Енді Америкада жекпе-жек өткізуге тырысамыз. Бұл сәтке дейін тәжірибем аз еді. Кәсіпқой бокста екі жыл деген ештеңе емес. Қазір мен Америкада жұдырықтасуға дайынмын. Бұйыртса, биыл АҚШ-қа жол тартамыз.
– Киноға түсу ұсыныстары жиі келе ме?
– Иә, жиі шақырады. Бірақ адам нақты бір жұмыспен айналасуы тиіс деп ойлаймын. Жарнама, роликтерге түсемін, бірақ актерлік сала деген басқа нәрсе. Егерде актер болсам, онда киноға толығымен ауысуым керек. Бокс пен киноны бірге алып жүру мүмкін емес.
– Жекпе-жек әлемінде, кейін Голливудта жұлдыз атанған әйел спортшылар көп. Мәселен, Ронда Роуза, Джина Карано…
– Олар көбінде кішігірім эпизодтарда ойнайды. Мансабымды Ронда Роузи сияқты аяқтағым келмейді (күлді).
– Түр-келбетіңіз сүйкімді. Жігіттер кездесуге жиі шақыра ма?
– Иә (күлді ). Бірақ Мәскеуде болған соң, мұндай ұсыныстардан бас тартамын.
– Жалаңаш түрде фотосессия өткізу ұсынысына да жауап бермейтін шығарсыз?
– Ұсыныстар жетеді. Бірақ мен мұндай нәрсеге қарсымын. Иә, салмақ өлшеу рәсімінде біз жартылай жалаңаш тұрамыз, бірақ бұл спорттық шара. Ал дәл осы түрде фотосессияға шақырса бармаймын.
– 2019 жылға жоспарыңыз қандай?
– Биылға қойған мақсаттарымыз көп. Кем дегенде үш жекпе-жек өткізу. Бұйыртса, Америкада өнер көрсетеміз. Ең бастысы – аянбай еңбек етіп, жетістікке жету.
– Тұрмысқа шығу жоспарыңызда жоқ па?
– Нақты жауабым жоқ (күлді). Ертең мені не күтіп тұрғанын білмеймін ғой. Бұған қоса, тұрмысқа шығатын еркекті тапқан жоқпын. Бәрі өз уақытымен.