Бразилиялық футболшы «Астана» клубынан не үшін кеткісі келетінін айтты » Vesti.kz

0

Футболдан Әзірбайжанның және «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Ричард Алмейда Аzerisport.com порталына берген сұхбатында агдамдық «Карабах» клубына оралуы мүмкін екенін айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Спортшының айтуынша, Әзірбайжанда «барлығы болған».

«Әзірбайжан футболы ойыншыларды жақсы тәрбиелейді. Чемпионатта өтпелі матч болмайды, ол жақта барлығы сегіз команда. Бірақ «Астананың» ұсынысы өте жақсы болды, мен одан бас тарта алмадым. Қаңтарда келісімшарт мерзімін ұзартпайтынымды бапкерге айттым. Бастапқыда мен әмірліктің «әл-Жазирасына» ауысу керек болғанмын, бірақ «Астананың» бас бапкері Роман Григорчук менің менеджерімнен кездесу туралы өтініпті», — деді футболшы.

Бастапқыда Алмейда Қазақстанға көшуден бас тартқан.

«Бірақ отбасымызбен бұл жақсы вариант деп шештік және мен екі жылдық келісімшартқа қол қойдым. Бұл жақта чемпионат жақсы, бірақ мен «Карабахқа» оралғым келеді — оның үстіне, мені қайтадан шақырып жатыр. Қазақстанда тағы бір жылға қалуым мүмкін. Бұл жақта барлығы жақсы, бірақ тым суық», — деді ол.

Айта кетейік, 2012 жылы Португалия чемпионатындағы маусым аяқталғаннан кейін футболшыға «Карабахтан» ұсыныс түскен. Оның Әзірбайжанда туыстары болмағандықтан бразилиялық азаматқа азаматтық құқық алу үшін бес жыл күтуге тура келген.

Кейін Алмейда «Астанаға» ауысты. Содан бері астаналық клубта 16 ойын өткізген, олардың тоғызы еурокубок. ҚПЛ-да бір гол соққан.