Бокстан ұлттық құрама Талғарда оқу-жаттығу жиындарын бастады

0

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматы облысы, Талғар маңындағы АІВА академиясының базасында жаңа маусымдағы алғашқы оқу-жаттығу жиындарын бастады. Бұл жаңа бапкер Ғалымбек Кенжебаевтың қатысуымен өтіп жатқан алғашқы жиын деп хабарлайды Olympic.kz. 

Бас бапкердің айтуынша, жиынға жарақат алған бірді-екілі спортшыдан басқасы тегіс жиналған. 

 — Боксшылардың бәрі сапта. Оқу-жаттығу жиынымыз бүгін басталды. Команда 26 қаңтарға дейін жаттығады. Жарақатына байланысты 64 келіге дейінгі Бекдәулет Ибрагимов пен 75 келідегі Әбілхан Аманқұл қатыса алмады. Әбілхан өткен жылдың желтоқсанында иығына ота жасатты. Бүгінде Астанадағы бокс орталығында емделіп жатыр. Осы жаттығу жиынынан соң алдағы жарыстарға қатысатын команданы жасақтаймыз, — дейді бас бапкер. 

Ғалымбек Кенжебаев ұлттық құрама боксшыларын ірі екі жарыс күтетінін айтты. 

 — Оқу-жаттығу жиыны аяқталған соң Үндістан мен Венгрияда халықаралық турнирлер өтеді. Сол сындарға қатысатын спортшыларды іріктеп аламыз. Ұлттық құрамаға жастар командасынан ауысып келген боксшылар да осында жаттығуда. Олардың қатарында Айбек пен Нұрбек Оралмай, Дамир Тойбай және Ермахан Жакпеков бар, — дейді Кенжебаев. 

Боксшылар жиыны бүгін басталды. Бапкер кешке өтетін жиналыс кезінде команда капитаны сайланатынын да хабарлады. 

 



prosports.kz