«Астана» ойын тұрғысынан алғанда, Қазақстандағы ең үздік команда

0

«Астана» футбол клубы Премьер-Лиганың екінші туры аясында көкшетаулық «Оқжетпесті» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Ойын соңында көкшетаулық команда бас бапкері Андрей Карповичтің қатысуымен баспасөз жиыны өтті:

—         Біз сияқты командаларға, Астанаға келіп ойнаудың өзі бір ғанибет. Бұл жердегі алаң, атмосфера, стадион бәрі керемет. Ал ойынға келер болсақ, алаңда барын салған жігіттерге алғыс айтқым келеді. Біз екі түрлі таймды тамашаладық. Бірінші таймда қысым жоғары болды. Себебі, біз еліміздің ең үздік командасына қарсы ойнадық. Ал екінші таймда өзімізді жақсы қырымыздан көрсетіп, тіпті гол соқтық. Менің ойымша төреші голды есепке алмай, дұрыс шешім қабылдаған жоқ. Бірінші турда 5:1 есебімен жеңілгендігімізге қарамастан, біздің әлеуетіміз өте жоғары. Осы орайда, ерекше жігер танытқан жігіттерге тағы да алғыс білдіремін.

—         Бүгінгі командаңыздың қорғаныста көрсеткен ойынына қандай баға бересіз?

—         Біз қарсыластың қарымын жоғары екендігін білгендіктен, ашық футбол ойнауға дайын болмадық. Сол себепті, үш ортылық қорғаушымен алаңға шықтық. Ойын барысында барынша сауатты қорғану қажет болды. Ол белгілі бір деңгейде біздің қолымыздан келді деп ойламын. Бірінші таймда көп дүние қолымыздан келмесе, екінші таймда керісінше жақсы ойын өрнегін көрсете алдық.

—         Журахан Бабахановтың алған жарақаты қаншалықты ауыр?

—         Шынын айтсам, нақты не болғанын білмеймін. Екінші қақпашымызды жоғалқанымыз өте өкінішті. Біздің бірінші нөміріміз Давид Лорияның да жарақаты бар. Дегенмен, біздің құрамда басқа да қақпашылар бар. Маусым ұзақ. Сондықтан, бәрі өзіне тиесілі мүмкіндікке ие болады.

—         Сіздің ойыңызша қай «Астана» күштірек? Қазіргі ме, әлде 2018 жылғы ма?

—         Команданың басым бөлігі сақталғандықтан, салыстыру өте қиын. Алайда, команда құрамына жаңадан қосылған Ротариуды ерекше атап өтер едім. Бұл футболшының әлеуеті өте жоғары. Маған оның Суперкубок аясындағы көрсеткен ойыны ұнады. Менің ойымша, дәл қазіргі «Астана» ойын тұрғысынан алғанда, Қазақстандағы ең үздік команда.

—         Сіз осыған дейін өз алдына өте жоғары мақсат қоятын командаларда ойнаған едіңіз. Ал «Оқжетпес» командасының мақсаты мен сіздің жеке амбицияыңыз сәйкес келе ме? Команда құрамына көңіліңіз тола ма?

—         Біздің құрамда алты легионер бар. Біз санға емес, сапаға мән береміз. Мен жас бапкер болғандықтан, маған ешкім ең үздік команданы бермесі анық. Мен өзіме берілген осы мүмкіндікті барынша лайықты пайдалануға тырысамын. Біз бірінші кезекте командамен бірге ілгері жылжуымыз қажет.

—         Облыс басшылығы команда алдына қандай мақсат жүктеді?

—         Біз команда ішінде турнирлік кестеде ортадан ойып тұрып орын алатын, бәсекеге қабілетті болуды қалаймыз. Облыс басшылығы Премьер-Лигадағы орнымызды сақтап қалуды тапсырды.

—         Ойын алдында Таңат Нөсербаев киім ауыстыратын бөлмені шатастырып алған жоқ па?

—         Таңат өте тәжірибелі ойыншы. Олай болуы мүмкін емес. Әрине, ол ұзақ уақыт «Астана» капитаны міндетін атқарды. Осы жерде мансабындағы ең маңызды кезеңдерді өткерді. Сондықтан, оған бұл жерге оралудың өзі үлкен қуаныш деп ойлаймын. Ол алаңға шыққан сәтте жанкүйерлердің қалай жылы қарсы алғанын өздеріңіз көрдіңіздер. Бұл футболшы үшін өте маңызды.



Дереккөз: prosports.kz/kz