Артем Захаров велотректен әлем чемпионаты қарсаңындағы басты мақсаттарды атады
27 ақпан күні Польшада велотректен әлем чемпионаты шымылдығын түреді. Аталған әлемдік сын 2020 жылғы Токио Олимпиадасына ұпай таратпақ. Қазақстан командасының көшбасшысы Артем Захаров Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, біріншілік алдындағы басты мақсаттарды атады.
«Командадағы әрбір велошабандоз жекелей сында бақ сынайды. Бәрімізге қойылған міндет ортақ– тұғыр биігінде тұру үшін аянып қалмау. Әлем чемпионатында басқа жарыстарға қарағанда көбірек ұпай беріледі. Әсіресе, Олимпиада алдындағы жағдайыңды жақсартуға мүмкіндік көп. Мен омниумда жарыс жолына шығамын.
Командамен бірге топтық кезеңге қатысу туралы ұсыныс болған. Алайда, аталған бәсеке омниумнан бір күн бұрын өтеді. Сол себепті, бар күшімді өзімнің үйреншікті жарысыма қалдыруды жөн көрдім. Жақында велоспорттан «Оман турына» қатысып, Алексей Луценконың жалпы есепте екі рет жеңімпаз атануына көмектестім. Көп жұмыс атқарылды. Жүлде алатын мүмкіндік қашан да бар. Тек, бақ шапса болғаны», — дейді Захаров,
Әлем чемпионатын Польшаның Пружков қаласы қабылдайтынын еске саламыз. Жарыс 3 наурызға дейін созылады.
Дереккөз: prosports.kz/kz