Алексей Полторанин Мәскеуге ұшып кетті
Австриядағы әлем чемпионаты кезінде допингке байланысты ұсталған қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин қамаудан босатылған соң, Мюнхен арқылы Мәскеу қаласына ұшып кеткен, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Алексей Полторанин 28 ақпан күні кешке Мюнхен арқылы Мәскеу қаласына ұшып кеткен. Біздің дипломаттармен байланысудан бас тартты. Қазіргі уақытты оның қайда екенін білмейміз. Допингке байланысты сұрақтарға біз жауап бермейміз, оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жолдау керек. Қазақстан азаматтарының құқығы бұзылмау үшін біздің Консул сол күні оқиға орнына барды, барынша қолғабыс көрсетті. 28 ақпан күні де консул спортшымен кездесуді күтті. Бірақ, Полторанин кездесуден бас тартып, Мюнхенге кетті. Бапкерлері де барлық жайтты құпия ұстап отыр», — деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Астанада өткен брифингте.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Австрияның Зеефельде қаласында шаңғы жарысынан ұйымдастырылған әлем чемпионатында Қазақстан, Австрия және Эстония спортшылары антидопингтік ережелерді бұзды деген күдікке ілінген еді. Полиция жалпы, төрт елдің 9 спортшысын ұстаған. Кейін ҚР Шаңғы федерациясы бұл оқиғаға байланысты түсініктеме берді.
Дереккөз: prosports.kz/kz