Александр Бублик Франциядағы турнирдің финалына жолдама алды

0

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Франциядағы Рау турнирінің жартылай финалында корт иесі Грегуар Баррермен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы жарыстың 1-ракеткасы, биыл 25-ке толған франциялық теннисші дүниежүзілік рейтингте125-орында болса, 21 жасар қазақстандық спортшы 153-сатыда еді.

Бірінші партия барысында теннисшілер бір-бірден брейк жасады. Есеп 4:4 болып тұрған мезетте қарсыласы доп бергенде, гейм тартысты өрбіп, А.Бублик брейк-пойнтты пайдалана алмады. Ақыры сет тай-брейкке жалғасты. Мұнда қазақстандық теннисші қарсыласының мини-брейктер жасауына мүмкіндік беріп қойды — 0:3. Дегенмен ол таразы басын теңестіріп, жеңіске жете алды — 8:6.

Екінші сетте тоғызыншы геймде брейк жасаған франциялық теннисші алға шықты — 5:4. Дегенмен содан кейін Г.Баррер доп бергенде, тамаша ойнаған А.Бублик есепті қайта теңестірді — 5:5. Матчты Бублик тағы бір брейкпен бітірді — 7:5.

Тартысты бәсеке сағат жарымдай уақытқа созылды. Кездесу барысында қазақстандық теннисші 21 эйс жасаса, қарсыласы бұған бір рет қана қол жеткізе алды. Керісінше доп бергенде, А.Бублик көбірек (5-1) қателесті. Мұның орнын Александр эйспен толтырып отырды. Финалда қазақстандық теннисші әлемнің 264-ракеткасы, словакиялық Норберт Гомбош немесе рейтингте 283-орындағы бельгиялық Стив Дарсистің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.



Дереккөз: prosports.kz/kz