40 жасымда өзімнің промоушеніме көп көңіл бөлсем деймін

0
140

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) DAZN USA YouTube-арнасына берген сұқбатында мансабын аяқтау туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz сайты. 

– Соңғы уақытта жылына екі жекпе-жектен өткізіп жүрдік. Егер осыны жалғастыра берсек, алғашқы кезең үшін үш жылда алты жекпе-жек өткізу – дұрыс шешім. Мүмкін, бұдан да көп болар. Дегенмен 40 жасымда өзімнің промоушеніме көп көңіл бөлсем деймін. Бұл жасқа келгенде өзім үшін емес, отбасым үшін жауапкершілік арта түседі, – деді Головкин.

Геннадий Головкин 7 наурыз күні таңертең DAZN компаниясымен алты кездесуге келісімшартқа қол қойған. Әр жекпе-жегі үшін қомақты қаржы алады. Ол жылына екі рет жекпе-жек өткізеді деп күтілуде.

Келесі жекпе-жегін 8-ші не 16-шы маусым күні өткізуі қажет. Әзірге қарсыласы белгісіз. Бастапқыда қазақстандық боксшы WBO чемпиондық белбеуінің иегері Деметриус Андрадемен кездесуі мүмкін екені хабарланған еді. Алайда америкалық боксшы 24 маусым күні жекпе-жек өткізетін болды. Ал Геннадий Головкиннің екінші айқасы қыркүйек айында мексикалық Сауль Альвареске қарсы өтуі қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Головкиннің соңғы телесеріктесі HBO болды, бірақ келісім-шарт аяқталды, содан кейін каналдың басшылығы бокстан мүлдем кетуге шешім қабылдады.



Дереккөз: prosports.kz/kz