17-18 қарашада Алматыда грек-рим күресінен халықаралық «Болат Тұрлыханов Кубогы» өтеді

0
17-18 қарашада Алматының «Достық» спорт кешенінде грек-рим күресінен дәстүрлі халықаралық «Болат Тұрлыханов Кубогы» өтеді.

1994 жылдан бері Семей қаласында күрес әлемін біріктірген жарыс екінші рет Алматы қаласында ұйымдастырылмақшы. Турнир Бүкіләлемдік күрес кеңесінің (UWW) күнтізбесіне енгізілген. Балуандар олимпиадалық ойынға жататын алты — 59, 67, 77, 87, 98 және 130 келі салмақ дәрежелері бойынша сайысқа түсіп, медальдарды сарапқа салады.

Дүбірлі додаға еліміздің беделді балуандарымен қатар Ресей, Иран, Корея, Венгрия, Беларусь, Қырғыстан, Өзбекстан және тағы басқа әлем мемлекеттері қатысады. 

Жарыстың құрметті қонақтары қатарында Александр Карелин, Камандор Маджидов, Ким Ен Нам, Жақсылық Үшкемпіров сынды күрес әлемінің тірі аңыздары бар. 

Бүкіләлемдік күрес кеңесінің (UWW) ресми сайтының хабарлауынша, турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медальдар мен дипломдар табысталады. Ең бастысы ұйымдастырушы комитет үздік балуандарға арнайы қаржылай сыйақы дайындалған. 

1 орын — 3 000 АҚШ доллары
2 орын — 2 000 АҚШ доллары
3 орын — 1 000 АҚШ доллары
Чемпионның бапкеріне — 1 000 АҚШ доллары

Сонымен қатар, турнирде чемпион атанған қазақстандық спортшыларға «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы беріледі.

Еске салайық, Болат Тұрлыханов — Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Семей өңірінде дүниеге келіп, 1956 жылы Қазақ дене шынықтыру институтын тәмамдаған. Саналы ғұмырында талай сақа палуандарды баптап, оларды күрескерлік рухқа, жеңіске деген ерік-жігерлілікке, төзімді болып алға жылжуға, биік мақсат қоя біліп, асқақ арманға жетулеріне жетелеген.