Шымкентте жастарды жұмыспен қамту басты назарда

0
52

Биыл «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобасының мерзімі өзгеріп, төленетін еңбекақысы көтерілді. Мұндай шаралар мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сайкес, жастар арасында жұмыссыздық денгейін төмендету үшін қабылданған.

Бұл туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова қала әкімдігінің «Instagram» парақшасындағы тікелей эфирде баяндады.

«Жастар практикасы» бағдарламасының мерзімі 12 айға ұзарып, еңбекақысы 91 890 (30 АЕК) теңге, ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасының мерзімі 18 ай, төленетін еңбекақысы 30 айлық көрсеткішке өсті.

Биыл ҚР Үкіметінің қаулысымен «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде қалада 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру болса, оның ішінде 20 759 азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарланған.

Ал, Шымкентте 2022 жылға 24 196 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Оның 14 157 орны тұрақты, 9 679-ы уақытша. Ұлттық жоба негізінде 10 522 жұмыс орны, 13 674 орын жеке бастамамен ашылады.

Президенттің 2022 жылдың 11 қаңтардағы кеңейтілген отырысындағы берген тапсырмасы негізінде, биыл 18 425 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Өткен жылы 29 жасқа дейінгі 2 578 азамат «Жастар практикасына», 351 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 3 064-і қоғамдық жұмысқа, 118 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы және 23 421 адам бос жұмыс орындарына орналасқан.

Эфир барысында тұрғындар тарапынан 60-тан аса сұрақ қойылды. Басқарма басшысы жұмыспен қамтудың бағыттары, кәсіптік оқу және жастарға арналған бағдарлама жөнінде сауалдарға жауап берді.